• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бұл матчта үш ұпай үшін жан алысып, жан берісеміз – Магомед Адиев

    Бүгін Астана уақытымен сағат 22.00-де футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы келесі жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Финляндия командасымен ойнайды. Матч Хельсинки қаласында болады.

    Кеше ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Магомед Адиев Финляндияға ойынды ақпараттық жағынан қолдау мақсатында барған БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, матч туралы пікір білдірді.

    – Магомед Мұсаұлы, еліміздің бас командасының Дания құрамасынан жеңілгеннен кейін функционалдық және эмоционалдық жағдайы қалай?

    – Әрине, жеңіліс намысымызға тиді. Жігіттермен сөйлесіп, өткен ойынды ұмытып, финдерге қарсы дайындалу керектігін айттым. Енді құрамада психологиялық жағынан ешқандай проблема болмауы керек.

    –Ойынға қорғаныс жоспарын дайындап жатырсыз ба?  Финляндияны таңғалдыруға тырысасыз ба?

    – Толықтай қорғаныста отыра бермейміз. Бұл матчта маңызды үш ұпайдың тағдыры шешіледі.  Команданың құрамында өзгерістер болады. Бұл жоспарланған ротация. Күшімізді тең бөлуге тырысамыз.

    – Финляндиямен ойынға Александр Зуев алаңға шыға ма?

    – Оны көре жатармыз. Ол Алматыда өзін жайсыз сезінді.  Даниямен ойын алдында оның алаңға шығуы туралы ойлаған жоқпын. Енді Финляндиямен матчқа алаңға шығаруы мүмкін.  Барлығын жаттығудан кейін шешеміз.

    – Бағдат Қайыровтың Даниямен матчтағы ойынын қалай бағалайсыз?

    – Ол жақсы ойнады. Қорғаныста жақсы ойнады. Оның бір жақсы қасиеті – өз айып алаңының алдында жақсы ойнайды. Ол өзінің тікелей міндетін атқарып, шабуылға да көмектесті. Нәтижелі пас беріп, гол соға да жазады.

    – Ян Вороговский Астанаға көшкеннен кейін сынға ұшырады. Бельгиядағы ойындарымен салыстырғанда нашар ойнай жүр деген пікірлер бар. Сіз мұнымен келісесіз бе?

    – Ян шынымен де бабын аздап жоғалтып алды. Ол «Астанамен» оқу-жаттығу жиынына қатыспады. Оның командасы Бельгияда демалыста болды. Жаңа клубына дайындықсыз келген. Қазір оның дайындығы әлдеқайда жақсарды.

    Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев Финляндиямен матчтың оңай болмайтынын, дегенмен команданың үш ұпай алуға барын салатынын айтты. Қазір қарсыластарда 12 ұпайдан бар. Финляндия доп айырмашылығының арқасында турнир кестесінде үшінші орында тұрса, еліміздің бас командасы одан бір саты төмен орналасып отыр. Ал топ басында 16 ұпай жинаған Дания мен оның өкшесін басып келе жатқан Словения келеді. Бұл елдің ұлттық құрамасында да 16 ұпай бар. Ал Солтүстік Ирландия мен Сан-Марино командалары бесінші және алтыншы орында.

    Қазір Еуропа чемпионатына жолдама алған командалар да белгілі болып отыр. Олар – Испания, Шотландия (А тобы), Франция (В тобы), Түркия (D тобы) Португалия (J тобы),  Бельгия, Австрия (F тобы) мен Германия. Соңғысы Еуропа чемпионатын өткізетін ел ретінде жарысқа қатысады. Осы ретте айта кететін нәрсе, Қазақстан құрамасы Н тобында төртінші орын алса да Еуро-2024 додасына қатысуға мүмкіндігі болады. Өйткені, ұлттық құрама Ұлттар лигасында өз тобында бірінші орын алып, Еуропа чемпионатына жолдама беретін мачта ойнауға мүмкіндік алды. Бұл матч келесі жылы наурыз айында Грузия, Люксембург, Косово немесе басқа да командамен болуы мүмкін.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    ФОТО: Қазақстан футбол федерациясы, Никита БАСОВ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *