Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Мадияр Құрамысов мамыр айында Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін соңғы лицензиялық турнирге қатысатын балуандарды атады, деп хабарлады olympic.kz.
Ол әлемдік лицензиялық турнирге баратын спортшылар Түркияда өткен «Яшар Догу» турнирінде анықталғанын айтты.
Оның айтуынша, Азия аймақтық лицензиялық турнирі басталмай тұрып, жолдама болмаған жағдайда, соңғы іріктеу жарысқа қатысатын балуандар анықталған.Қазір ұлттық құрамада үш салмақта жолдама жоқ.
Сондықтан, Ыстанбұлдағы соңғы турнирге 57 келіде Рахат Қалжан, 65 келі салмақта Адлан Асқаров пен 74 келіде Талғат Сырбаз қатысады. Жолдаманы кім жеңіп алады, сол Олимпиадаға барады, — деді бас жаттықтырушы.
Күрес түрлерінен соңғы лицензиялық турнир 8 мамырда басталады. Ал Бішкекте өткен лицензиялық турнирде Олимпиадаға жолдаманы Әлішер Ерғали (97 кг) мен Юсуп Батырмұрзаев жеңіп алса, Сербиядағы әлем чемпионатында Азамат Дәулетбеков (86 келі) лицензияны иеленген.