Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Әли Әлиев 2026 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясында Солтүстік Македония құрамасымен болатын ойын алдында БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, матч туралы пікірін айтты, деп хабарлады Қазақстан футбол федерациясы.
– Команда дайындықты әдеттегідей тәртіппен өткізіп жатыр. Жоспарланған дайындық кезеңін аяқтадық. Бүгін соңғы жаттығуымыз болады. Онда кейбір стандарттық жағдайларды пысықтаймыз. Команданың физикалық, моральдық жағдайы жақсы, ойынға толық дайынбыз деп ойлаймын. Георгий Жуковтың кішігірім жарақаты бар. Соңғы медициналық тексерудің қорытындысы оның ертеңгі ойында алаңға шығу-шықпауын анықтайды. Ал қалған ойыншылар сапта, барлығы жеңіс үшін бар күшін салуға дайын.
– Беларусьпен матчта команда табиғи шөпте ойнады, ал ертеңгі матч жасанды алаңда болады. Бұл қиындық тудырмай ма?
– Әрине, алаң сапасы мен жабындысының ауысуы әсер етеді. Беларусьте матч алдында қатты жауған жауынның кесірінен алаң ауыр болды. Тіпті, ойынның басталуын белгісіз уақытқа кейінге шегеруге тура келді. Алаң өзгерісі қаншалықты әсер ететінін ертеңгі ойын көрсетеді. Бастысы – «Астана Арена» — өз алаңымыз. Мұнда екі жаттығу өткіздік. Ойыншылардың бұл жабындыға бейімделіп үлгергеніне сенемін. Бұл фактор әсер етпейді деп үміттенемін.
– Құрама сапында Беларусьпен жолдастық ойынмен салыстырғанда қандай өзгерістер болады?
– Жолдастық кездесулердің мақсаты – ойын тәжірибесі аз футболшыларға мүмкіндік беру. Бұл – дайындық кезеңінің бір бөлігі. Бұл пікірімді Максим де растайды: Беларусьпен өткен ойын алдын ала жоспарланған. Кімнің қанша минут ойнайтыны белгілі болды. Біз жас ойыншыларымыз – Жагоров пен Жұмахановты сынап көруіміз керек болды. Жолдастық кездесулер арқылы ойыншылар ұлттық құраманың жүйесіне біртіндеп бейімделеді. Ертеңгі матчта алаңға шығатын ойыншының барлығы Беларусьпен өткен ойында тәжірибе жинап үлгерді. Қазір олардың моральдық және физикалық жай-күйін бағалап, «Астана-Аренада» кім негізгі құрамда ойнайтынын шешеміз.
– Солтүстік Македонияның Бельгиямен ойынын көрдіңіздер ме? Қарсылас жайлы не айтасыз?
– Иә, әрине, көрдік. Біз қарсыласымыздың іріктеу кезеңіндегі барлық ойынын қарап шықтық, талдау жасап, ойыншыларға көрсеттік. Солтүстік Македония – өте мықты команда. Құрамында Еуропаның үздік чемпионаттарында ойнайтын футболшылар бар. Уэльс пен Бельгияға қарсы кездесулерде олар ойын соңында есепті теңестіріп, мінез көрсетті. Команда қарапайым емес, өзіне тән ойыны бар. Бірақ мен біздің жігіттерге сенемін.
– Стас Покатилов құрамнан кетті деген ақпаратқа пікіріңіз қандай?
– Қақпашыларға қатысты жұмысқа Олег Игоревич Воскобойников жауап береді. Біз үнемі байланыстамыз. Ол Қазақстан чемпионатында ойнайтын барлық қақпашымен сөйлесіп отырады. Покатиловқа келсек, біз бәрін алдын ала жоспарладық. Кім Беларусьпен, кім Солтүстік Македониямен ойнайтыны нақты белгілі болды. Барлық ойыншы бұл шешімнен хабардар. Стас бұл жағдайды түсіністікпен қабылдады. Сондықтан ештеңеден себеп іздеудің қажеті жоқ. Біз ойыншылардан ештеңе жасырмаймыз, олар да бізге ашық.
– Сіз Марат Быстровты шақырдыңыз, Бақтияр Зайнутдинов командамен жаттығып жүр. Бірақ Рамазан Оразов шақырылмады. Себебі неде?
– Мен құрамның соңғы тізімін жарияламас бұрын Рамазан Оразовпен жеке сөйлестім. Қазіргі уақытта оның клубында ойын тәжірибесі жоқ екенін айтып, жағдайды түсіндірдім. Бұған дейін Уэльс және Лихтенштейнмен болған матчтарға тәжірибесі жетіспесе де шақырдық. Лихтенштейнге қарсы ойында жақсы ойнап, өзін көрсетті. Одан кейін де хабарластық. Мен оған оның басты қаруы – прессинг, физикалық дайындығы мен агрессия екенін айттым. Алайда тұрақты ойын тәжірибесі болмаса, толыққанды бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Біз Оразовқа бәрін ашық жеткіздік. Егер ол клубында тұрақты ойнаса, қайтадан ұлттық құрамаға келеді. Марат Быстров та сол жағдаймен шақырылған. Уэльске қарсы ойында өте сенімді ойнады, Лихтенштейнмен матчта Самородовқа нәтижелі пас берді. Ол бабына тез келіп жатыр, тек қажетті жаттығу режимін беру керек. Зайнутдиновке келсек – біз «Бешікташтың» медициналық штабымен сөйлестік.
Олар Бақтиярға жаттығуға және ойындарға қатыспауға ресми өтініш жіберді. Одан кейін Бақтиярдың өзі Астанаға келіп, ұлттық құраманың дәрігерлеріне қаралуға ниет білдірді. Ол медициналық тексеруден өтті. Дене дайындығы бапкерлерімен бірге жұмыс істеді. Нәтижесінде оған спринтсіз, жүктемесі жеңіл жаттығулар жасауға рұқсат берілді. Бақтияр құраммен бірге, ол команданы қолдау үшін осында. Оның осында болуы командалық атмосфераға оң әсер етіп жатыр.