Қытайдың Ханчжоу қаласында волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы Азия чемпионы болды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Қазақстан командасы финалда Қытай құрамасымен алтын жүлдені сарапқа салды.
Алғашқы екі партияда алаң иелері 25:15, 25:19 есебімен басым түсті.
Үшіншісінде отандастарымыз 25:19 есебімен есе қайтарды.
Төртінші сетте алдымен қытайлықтар 10:5 есебімен алға шықты. Дегенмен Бауыржан Тахауовтың командасы таразы басын теңестіріп, 25:20 есебімен жеңді.
Бесінші партияда қытайлықтар Қазақстан жасағын тоқтата алмады. Ұлттық құрама 15:8 есебімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 3:2.
Осылайша, волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы камбэк жасап, алғаш рет өз тарихында Азия чемпионы атанды.
Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов өз командасына риза екенін, жігіттердің жақсы ойын өрнегін көрсете білгенін айтты.
Былтыр Париж Паралимпиадасына қатысып, бесінші орынға табан тіреген құрама биыл осындай тарихи табысқа жетіп отыр.