• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    «Интер Майами» ФК

    Клубтар арасындағы ӘЧ: Месси «Пари Сен-Жерменге» қарсы ойнайды

    Осы күндері Америка Құрама Штаттарында футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионаты болып жатыр. Бұл бәсеке алғаш рет 2010 жылы ұйымдастырылса, содан бері оған биылғыдай 33 клуб қатыспаған еді. Бұған дейін дүрмекті додаға саусақпен санауға болатын командалар ғана қатысатын. Ал биыл оған әлемнің жер-жерінен өз құрлықтарындағы турнирлер мен жарыстарда аты озған жасақтар жиналып отыр. Олар 8 топқа бөлінген. Өз группаларында алғашқы екі орынды жеңіп алған команда плей-офф кезеңіне жолдама алады.

    Әзірше 1/8 финалына шыққан алты команда анықталды. А тобында Бразилияның «Палмейрас» клубы бірінші орынмен, АҚШ-тың «Интер Майами» командасы екінші орын алып, келесі айналымға шықты. «Порту» (Португалия) мен «Әл-Ахли» (Египет) екінші және үшінші орынды қанағат тұтты.

    Еске сала кетсек, америкалық жасақтың құрамында әлемнің 8 дүркін үздік футболисі аргентиналық Леонель Месси ойнайды. Ал клубтың иесі  — кезінде Англия ұлттық құрамасы мен «Манчестер юнайтед», Испанияның «Реал Мадрид» командаларында доп тепкен атақты Дэвид Бэкхем.

    Бүгін екі команда топтағы соңғы ойындарын ойнап, 2:2 есебімен тең тарқасты. Осылайша, Месси өзінің бүгінгі туған күніне сыйлық жасап, командасымен бірге келесі айналымға шықты.

    Бүгін аргентиналық теңбіл доп шебері 38 жасқа келіп отыр.

    Енді ол 1/8 финалда В тобында үздік атанған өзінің бұрынғы клубы Францияның «Пари Сен Жерменге» қарсы ойнайды.

    Бұл группада екі турдан кейін Бразилияның «Ботафого» жасағы 6 ұпаймен көш басында тұрған еді. Бүгін оңтүстікамерикалықтар Испанияның «Атлетико» клубынан 0:1 есебімен жеңіліп, екінші орынға сырғыды. Ал Мадридтің командасы қарсыласын жеңіп, қоржынына 6 ұпай  жинаса да доп айырмашылығына байланысты үшінші орынмен келесі айналымға шыға алмады. Бұл топта соңғы орында АҚШ-тың «Сиэтл Санудерс» командасы  қалып қойды. Олар соңғы ойынын «Пари Сен-Жерменмен» ойнап, 0:2 есебімен жеңілді.

    G тобында Италияның «Ювентус» клубы мен Англияның «Манчестер сити» командасы күні бұрын келесі айналымға жолдама алып қойған. Бұл топта Марокконың «Видад» пен БАӘ-нің «Әл-Айн» жасағы көңіл көншітерлік нәтиже көрсетпеді.

    Басқа топтарда алғашқы үш орында келе жатқан командалардың бәрінің 1/8 финалға шығуға шансы болып тұр. Олар әзірге мынадай нәтиже көрсетіп отыр.

    С тобы

    «Бавария» (Германия) – 6

    «Бенфика» (Португалия) – 4

    «Бока Хуниорс» (Аргентина) – 1

    «Окленд сити» (Жаңа Зеландия) – 0

     

    D тобы

    «Фламенго» (Бразилия) – 6

    «Челси» (Англия) – 3

    «Эсперанс» (Тунис) – 3

    «Лено» (Мексика) – 0

    «Лос Анджелес» (АҚШ) – 0

     

    Е тобы

    «Ривер Плейт» (Аргентина) – 4

    «Интер» (Италия) – 4

    «Монтеррей» (Мексика) – 2

    «Урава Ред Даймондс» (Жапония) – 0

     

    F тобы

    «Флуминенсе» (Бразилия) – 4

    «Боруссия» Д (Германия) – 4

    «Мамелоди Сандаунз» (Оңтүстік Африка Республикасы) – 3

    «Ульсан Хендэ» (Оңтүстік Корея) – 0

     

    Н тобы

    «Реал Мадрид» (Испания) – 4

    «Ред Бул Зальцбург» (Австрия) – 4

    «Әл-Хиләл» (Сауд Арабиясы) – 2

    «Пачука» (Мексика) – 0

    Әлем чемпионатының жүлде қоры — 1 миллиард АҚШ доллар. Чемпион команда 125 миллион долларды иеленеді. Қалған қаражатты 31 клуб жарыстағы нәтижесіне байланысты бөліседі.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *