Жуырда Almaty теларнасы шағын футболдан аламан жарыс ұйымдастырған болатын. Сол турнирде телеарна туралы мақалаларға конкурс жариялайтынын жария еткен еді. Мен қаламды қолға алып бір көлемді мақала жазып сайыста бір бағымды байқап көрейін деп жібергенмін.
Міне, Алла тағала нәсіп етіп, мақалам үздік болып танылыпты. Almaty телеарнасының бас продюсері Ралида ханым мен айтулы ақпарат құралының ардақты азаматы Алмас мені БАҚ редакциясына шақырып, марапатымды құрметтен табыс етті.
Негізі мен жылдар бойы ақпараттың толқыны тасқындап жатқан телеарналардың арасында өзімнің жастық дәурен өткен сүйікті қаламның өмірін үзбей таспалап беріп келген Almaty теларанасын айырықша жақсы көретінім рас еді.
«Жақсылықтың жолы ұзын», демекші, екі күн бұрын ғана алпысымды қарсы алып ентігімде енді басқанда бұл марапат қуанышымды еселей түскен ғажап бір сәт болды. Алпысыма Алла сый еткен екен деп түйдім. Аллаға сансыз шүкір айтамын. «Не ексең соны орасың», дегендей жылдар бойы табанды түрде жазбамнан қол үзбей, қаламмен айырылмас дос болған мен үшін еңбегіңнің жемісін көру зор бақыт. Алла берген күш-қуатым бойымда барда әлі де дүбірлі спорттық, қаламгерлік аламандардан қалмай шабыт алып шапқылай бергім келеді.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ