Үндістаннның Ахмедабадад қаласында су спорты түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында көркем жүзуден төртінші алтын медаль түсті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Қазақстан құрамында Наргиза Болатова, Даяна Джаманчалова, Ксения Макарова, Ясмин Тұяқова, Жаклин Якимова, Айгерім Құрманғалиева, Анна Павлецова мен Валерия Столбунова өнер көрсетіп, командалық сында үздік шықты.
Қазақстан 221.9525 ұпай жинаса, екінші орынды 210.5775 Таиланд иеленді. Ал Өзбекстан 200.5183 ұпаймен үшінші орыннан көрінді.
Сонымен бірге Виктор Друзин көркем жүзуден екі дүркін Азия чемпионы атанды.
Ол 198.7639 ұпай жинап, чемпионаттың екінші алтын медалін жеңіп алды.
Чемпионаттың алғашқы күнінде Виктор Друзин техникалық соло бағдарламасында жеңіске жетіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілген болатын.
Виктор Друзин Наргиза Болатовамен бірге де жақсы өнер көрсетті. Олар 241.4613 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды.
Осының алдында техникалық бағдарлама бойынша аралас жұптық бәсекеде Карина Магрупова мен Эдуард Ким жүлдегерлердің қатарына енді. Олар екінші орынға ие болды.
Дәл қазіргі сәтте көркем жүзуден еншімізде 5 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль бар.
Азия чемпионатында су добынан Қазақстан ерлер құрамасы сәтті өнер көрсетуді жалғастырып жатыр. Топтық кезеңнің екінші ойынында отандастарымыз Үндістан құрамасымен ойнап, 20:6 есебімен жеңіске жетті.
Келесі матч ертең Астана уақытымен сағат 13:30-да болады. Қарсылас – Сингапур құрамасы.
Қазақстан әйелдер құрамасы да топтық кезеңдегі екінші ойынын Гонконг командасына қарсы өткізіп, 21:10 есебімен жеңіске жетті.