Әзербайжанда өтіп жатқан III ТМД елдері ойындарында Қазақстан спортшылары тағы 8 медальға қол жеткізді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бүгін Мингячевир қаласында каратэшілер 3 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлдемен жарысты аяқтады. Дархан Теміралиев (-60 кг), Айжан Бәкірова (-61 кг) мен Диас Анарбеков (+84 кг) алтын жүлде алса, күміс медальді Асылай Савидова (+68 кг), Шыңғыс Тайлиев (-75 кг) мен Натали Касикова (ката) иеленді. Қола жүлдені Малика Абжанова (-50 кг) мен Айшабибі Шарахан (-55 кг) қанағат тұтты.
Осыдан екі жыл бұрын Беларусь Республикасында өткен II ТМД елдері ойындарында WKF каратэден Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 күміс жүлде иеленген.
Бокстан Қазақстан ұлдар құрамасы Әзірбайжанның Евлах қаласында өткен lll ТМД елдері ойындарында барлығы 7 жүлде олжалады.
Едіге Нұрқожа (-52 кг) күміс медалист болса, қола жүлдені Қорғанбек Балтин (-48 кг), Жалғас Апбаз (-54 кг), Алдияр Баяндинов (-63 кг), Дарын Төлеген (-70 кг), Бауыржан Әлиакбар (-80 кг) мен Еркетаң Жарқынбек (+80 кг) иеленді.
Нысана көздеуден Қазақстан құрамасы 7 жүлдемен аяқтады.
Гянджа қаласында спортшылар 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды.
Пневматикалық винтовкадан (соло), 10 метрден атудан Александра Ле күміс жүлде, Елизавета Безрукова қола медаль алды.
Пневматикалық тапаншадан (соло), 10 метрден атудан Валерия Попелова күміс медалист болды.
Барлығы Қазақстан командасының еншісінде 1 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль бар. Алдыңғы 2 жарыс күнінің жүлдегерлері:
Пневматикалық винтовка, 10 м:
Дмитрий Ким — алтын медаль;
Александра Ле — күміс жүлде;
Қазақстан құрамасы (Александра Ле, Дмитрий Ким) — күміс медаль;
Пневматикалық тапанша, 10 м:
Валерия Попелова — қола жүлде;
Гянджада барлығы спорттың бұл түрінен 8 елден келген 51 мерген жүлдеге таласты. Осыған дейін Беларусь Республикасында өткен ll ТМД елдері ойындарында нысана көздеуден Қазақстан 2 қола медальға ие болды.