«Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасы аясында Грекияның «Олимпиакос» және Бельгияның «Брюгге» командаларымен Астанада ойнайды, деп хабарлады Алматы қаласының футбол клубы.
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Олимпиакос» клубымен ойын 9 желтоқсанда, «Брюгге» командасымен матч 20 қаңтарда «Астана Арена» стадионында болады.
-Алматыдағы Орталық стадионда матчты қыста өткізу тәжірибесі көрсеткендей, төмен температура, шатырдың жоқтығы, қар жауу қаупі жанкүйерлер үшін қолайсыздық туғызып, алаң қызметін қиындатады. Көрермендерге жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау үшін матч жабық стадионда болады, — деп хабарлады клуб.
Сондай-ақ «Қайрат» матчтарға билеттің бағасы 15 000 – 50 000 теңге аралығында болатынын жария етті.
-Билеттер 28 қарашадан бастап Qairat SuperApp және Freedom SuperApp мобильді қосымшаларында сатыла бастайды. Бір адамға екі билеттен артық рәсімдеуге болмайды, — делінген хабарламада.
Клубтың хабарлауынша, Ticketon мамандары «Қайрат» ФК-ның өз алаңындағы матчтарына алған абонемент иелеріне жалпы сатылым басталғанға дейін хабарласып, билет рәсімдеу, басымдық арқылы сатып алу тәртібі туралы толық ақпарат береді.
Еске сала кетсек, «Қайраттың» өз алаңындағы «Реал Мадрид» және «Пафос» командаларымен ойындарына билет 30-250 мың теңге аралығында сатылды.
«Қайрат» қараша айында сырт алаңда Данияның «Копенгаген» клубымен ойнайды. Бұл матч 26 қарашада болады. Ал 29 қаңтарда Англияның «Арсенал» жасағымен жасыл алаңға шығады.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары