• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Бахтияр ЖЕПЕНОВ

    Сайыпқыран. Жас балуанның жарқын жеңісі

    Ақтау қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында ауданымыздың мақтанышы Рауан Ғазизов жақсы нәтиже көрсетті.

    Елдің түкпір-түкпірінен жиналған додада жас балуан Ерейментау ауданының абыройын асқақтатты.

    Чемпионатта ол алты рет бозкілемге шығып, соның бесеуінде жеңіске жетіп, тек бір белдесуде ғана жеңіліс тапты. Рауан финалда Қызылорда облысының балуанымен күш сынасты. Тартысқа толы белдесулер жас спортшының жарысқа дайындығын, табандылығын және жеңіске деген жігерін айқын көрсетті.

    Жерлесіміз 2009 жылы Ерейментау қаласында туған. Ол күреспен 6 жасынан бастап, яғни 2015 жылдан бері тұрақты түрде айналысып келеді. Жас болса да, спорттағы жолы ерте басталып, үлкен еңбек пен төзімділіктің арқасында бүгінгі биік белестерге жетіп отыр.

    Айта кетерлігі, бұл жас санатында Ерейментау ауданы спортшылары соңғы рет 2019 жылы Қостанай қаласында жүлделі орын алған болатын. Сол жылы Олжас Еренғайыпов Қазақстан чемпионатында үшінші орын иеленген еді. Енді міне, араға бірнеше жыл салып, ауданымыз тағы да республикалық жарыста өз мықтысын танытып отыр.

    -Мен 2009 жылы 20 қаңтарда  Ақмола облысы, Ерейментау ауданында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем Бауыржан Ғазизұлы Мұхамеджанов теміржол саласында 25 жылдан астам еңбек етіп келеді. Анам  Жарылқасын Елеусінқызы Битақова мектепте мұғалім,  ұлағатты ұстаз. Отбасымызда 3 ер бала бар. Мен — ортаншысымын.

    Ауданымыздың Насыр Смағұлов атындағы мектеп лицейінің  табалдырығын аттап, білімге қадам бастадым. 1-сыныптан бастап күреске деген қызығушылығым оянып, Сәрсенбек  Өтепов ағайға шәкірт болып жаттығуды бастап кеттім. Көптеген аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатыса отырып, менің спортқа деген қызығушылығым арта түсті.

    6-сыныпты аяқтағаннан кейін. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне 7-сынып оқушысы болып қабылдандым. Қазір білім ордасының 11-сыныбында оқимын.  Спортпен шұғылдану әр түлі қасиеттерді  талап етеді. Олар дене дайындығы, көңіл-күй дайындығы және тапқырлық. Спорт арқылы  мен шыдамдылықты, төзімділікті, жеңілген жағдайда мойымай, алға қарай ұмтылуды үйрендім. Алға қойған мақсат, армандарым көп. Соған жету жолыңда ерінбей еңбек етіп, бар күш жігерімді саламын, — деді ол.

    Жас балуанның өзі айтқандай, бұл жетістігінде білікті жаттықтырушылардың еңбегі зор. Оны спорттық шеберлікке баулып, үлкен додаға дайындаған жаттықтырушылар — Самат Тілеубергенов пен Ерхан Ғаббасов. Олар шәкіртінің әр белдесуіне жан-жақты дайындалып, сенім мен жігер сыйлай білді.

    Бұл жеңіс — тек бір спортшының ғана емес, Ерейментау ауданының спорт саласындағы үлкен жетістігі. Жасөспірім балуанымыз — ауданымыздың шынайы мақтанышы, өскелең ұрпаққа үлгі болар спортшы.

     

    Бахтияр ЖЕПЕНОВ,

    Ерейментау ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *