• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Көкпарға америкалықтар қызығушылық танытып отыр

    Жуырда Ұлттық спорт  түрлері қауымдастығына Қазақстандағы АҚШ елшілігінен ұсыныс-хат келді. Бұл ұсыныс-хатта Қазақстанның көкпаршылары мен көкпар мамандарына АҚШ-қа келіп командалық көкпар ойынының қыр-сырын егежей-тегжейлі үйрету өтініші айтылған. Бұл туралы ulttyqsport.kz хабарлады.

    Негізінде, мұндай ұсыныс АҚШ көкпар құрамасы тарапынан Астанада өткен әлем чемпионаты кезінде де айтылған. АҚШ құрама командасы әлемдік чемпионатқа екі апта бұрын келіп, елорда іргесіндегі Қараөткел елді мекенінде оқу-жаттығу жиынын өткізді. Америкалық көкпаршыларды Ақмола облыстық көкпар командасының бас бапкері Ерғали Тоқабаев жаттықтырды. Жарыс кезінде АҚШ команда капитаны  Крид Гарник көкпардың майталман бапкері Ерғали Тоқабаевқа ризалығын қайта-қайта айтқан-тын. Оның айтуынша америкалықтар көкпар ойыны үшін Қырғызстанға бұған дейін екі мәрте барған. Бірақ, көкпардың қыр-сырын Қазақстанға келіп жаттыққанда ғана терең түсіне бастапты.

    Чемпионат барысында америкалық көкпаршылардың әр кездесу сайын шеберліктерін ұштай түсіп, тіпті, соңғы қарсыластарымен табан тіресе ойнап, ең азулы деген Қырғызстан көкпаршыларымен жағаласа жүріп, ұпай санын алтыға жеткізгені көпшілікті қатты таңдандырған. Осы тұста Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығының президенті  Бекболат Тілеуханның шетелдік командаларды қарсы алу жиынында Ұлттық спорт  түрлері қауымдастығының бір жыл бұрын жолдаған арнайы шақыртуын қабыл алып, америкалық спортшылардың көкпардан өтетін әлем чемпионатына қатысуына ықпал жасаған Қазақстандағы АҚШ елшілігіне ризашылығын білдірген болатын

    «Қай салаға кіріссе де соны жандандырып, сол салада озып шығып, әлемді таңдандыратын Американың енді көкпар ойынына көңіл аударғаны бізді қатты қуантты. АҚШ азаматтарының көкпар ойнай бастауы – көкпар бағының жанғаны деп түсінеміз. Көкпар ойыны енді жандауға тиіс», деген еді Бекболат Тілеуханов.

    Расында да, айдан аса уақыт өткенде америкалықтардың көкпар үйренуге бел шеше кіріскені анық болды. Алайда, Астанада өткен І Әлем чемпионатына команда жинап келгендер АҚШ-тың Вайоминг штатының Бозмен, Джексон атты қалаларында тұратын азаматтар. Өздерінің айтуларынша, Вайоминг штаты  қаршадайынан родэумен (шу асау атқа, бұқаға мініп өнер көрсету) шұғылданып, ат құлағында ойнап өскен нағыз америкалық ковбойлардың ең көп  тұратын өлкесі.

    Қазақстандағы АҚШ елшілігінің Ұлттық спорт  түрлері қауымдастығына жолдаған ұсыныс-хатында қазақтың көкпаршы-мамандары, жаттықтырушылары сол  Вайоминг штатына барып командалық көкпар ойынын үйретуді өтінген. Егер неше маманның баратыны, жаттықтыруға  қанша  уақыттың жұмсалатыны анықталса, олардың барлық қаражат шығынын шақырушы жақтың өтейтіні айтылған. Сондай-ақ, алдағы чемпионаттың қашан ұйымдастырылатыны туралы сұралған.

    Осыған дейін мұндай ұсынысты Ұлттық спорт  түрлері қауымдастығына Тәжікстанның «Бузкаши» федерациясының басшылары да жасаған болатын. Көкпардан өткен Азия чемпионатының және әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген Тәжікстан көкпар құрама командасының жетекшілері білікті мамандар арқылы көкпаршыларының шеберлігін тағы да шыңдағысы келеді.

    Міне, енді жуырда біздің елдің бірнеше тәжірибелі көкпар мамандары АҚШ-тың көкпар командасын жаттықтыруға аттанып кетуі мүмкін. Қазіргі кезде америкалық көкпаршыларды жаттықтыруға кімдердің жіберілетіні, жалпы сапардың барысы анықталу үстінде.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *