• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Мароккодағы стадионға 24 жастағы футболшының аты берілді

    Марокко елінің Әл-Каср әл-Кабир қаласындағы муниципалды стадион бұдан былай Ашраф Хакимидің атымен аталатын болды.

    Спорт жанкүйерлеріне жақсы таныс 24 жастағы Ашраф Хакими – Марокко ұлттық құрамасының мүшесі, Францияның «Пари Сен-Жермен» клубының жартылай қорғаушысы.

    Бұл жаңалық жайлы футболшының өзі Facebook-тегі парақшасына жазды. Ол жергілікті биліктің ұйымдастыруымен мыңдаған адам қатысқан рәсімге қатысқанын, жұртшылық оны ән салып, би билеп қарсы алғанын айтты.

    Ашраф Хакими жақында Катарда өткен әлем чемпионатында Марокко құрамасының жартылай финалға шығып, төртінші орын алуына зор үлес қосқандардың бірі болды. Мұндай толағай табысқа бұған дейін бірде-бір Африка немесе араб елдері құрамасы жеткен жоқ, – деп атап өтті жергілікті баспасөз.

    Әл-Каср әл-Кабир – спортшы анасының туып-өскен қаласы. Чемпионат кезінде Ашрафтың анасын құшақтап түскен суреті бүкіл әлемді шарлап кетті (төменде).

    2022 жылғы 20 желтоқсан күні Марокко королі Мухаммед VI Рабаттағы сарайында әлем чемпионатында жеткен жетістіктері үшін осы елдің ұлттық құрамасының басқа мүшелерімен бірге Хакимиді де қабылдап, олардың бәрін III сыныпты (офицер дәрежесі) Тақ орденімен марапаттады.

    Ашраф Хакими 1998 жылы 4 қарашада Испания астанасы – Мадрид қаласында туған. Ол өзінің футболшылық карьерасында Мадридтің «Реал» клубында, Германияның «Боруссия» (Дортмунд), Италияның «Интер» (Милан) командасында өнер көретіп, 2021 жылы Францияның «ПСЖ» командасына ауысты.

    2018 жылы Чемпиондар лигасының, 2017 жылы клубтық әлем чемпионатының, сол жылы УЕФА Суперкубогының, Испания Суперкубогының, 2019 жылы Германия Суперкубогының, 2022 жылы Франция Суперкубогының иегері, 2021 жылы Италияның, 2022 жылы Францияның чемпионы атанды.

    Хакими әлем чемпионатында Марокко құрамасы топтық турнирде Канаданы жеңген (2:1) матчта үздік ойыншы болып танылды. 1/8 финалда Испанияны ойыннан кейінгі пенальти бойынша жеңуде (3:0) шешуші ең соңғы голды салды.

    Тағы бір айтатын нәрсе, Марокко құрамасының футболшылары өздеріне сый-сияпат ретінде тапсырылған барлық ақшаны елдегі жарлы-жақыбайларға таратып берді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *