19 ақпанда елімізде алғаш рет «Бурабай» ұлттық саябағында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты «Бурабай-Даму» ЖШС, «Экстремалды Атлетика» қоғамдық бірлестігі мен «Rebel Running» ЖК-ның ұйымдастыруымен мұзда жүгіруден «BURABAY ICE 2023» халықаралық жарыс өтеді.
«Бурабай-Даму» ЖШС бас директорының орынбасары Қасымжан Кенжешовтың айтуынша, жарыстың мақсаты – Бурабайдың әсем табиғатын жұртшылыққа насихаттай отырып, туристердің қызығушылығын арттыру, сондай-ақ саламатты өмір салтын насихаттау.
Жарыс бірнеше қашықтықта, яғни 7 км, 14 км жəне 21,1 км жүгіру немесе 7 км скандинавиялық жүріс бойынша өтеді. Оған кез келген жастағы спортшылар мен жастар қатыса алады. Бүгінге дейін 200-ден астам спортшы тіркелді. Олардың арасында АҚШ, Канада, Африка, Еуропа елдерінің, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия спортшылары мен еліміздің барлық облыстарының спортшылары бар. Тіркеу әлі жалғасып жатыр.
Жарыс 19 ақпан күні сағат 10.00-де Бурабай көліндегі қайық станциясында басталады. Мәреге жеткен спортшылардың бәрі жүлдесіз қалмай, марапатталады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА