Кеше Алматы қаласында Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев жас боксшыларды қаржылай марапаттаған болатын. Солардың ішінде жас та болса халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғап жүрген маңғыстаулық талантты боксшы Әсем Таңатарды федерация басшысы 1 миллион теңгемен марапаттады.
Былтыр Испанияның Аликанте қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қошемет көрсетті. Спортшылардың жеке бапкерлеріне де қаржылай ақша берді. Марапаттаудың жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге болды.
Былтыр Әсем Таңатар Алакенте қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, үшінші орын алды.
Ол 2005 жылы Маңғыстау облысында туған. Қазір Мұнайлы ауданы №11 жалпы білім беретін орта мектептің 11-сынып оқушысы. Маңғыстау облысының бокс құрамасының мүшесі. Бокстан Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Дубай, 2021), Дүниежүзілік ХІХ жазғы гимназияданың күміс жүлдегері (Нормандия, 2022), әлем чемпионатының қола жүлдегері (Аликанте, 2022). Жеке жаттықтырушысы – Диас Есенов.
Испанияда еліміздің жастар құрамасы жақсы нәтиже көрсетті. Медальдардың саны мен сапасы бойынша біз үшінші орын алдық. Арада көп уақыт өтсе де, біз жас боксшыларымызды ұмытқан жоқпыз. Біз жастарға сенім артамыз. Болашақта олар ұлттық құрама боксшыларының орнын басады. Әсересе, әйелдер боксындағы нәтижелер қуантады. Бокс – біздің ұлттық спортымызға айналды. Қазір әуесқой бокста жүріп, атыңды шығаруға болады. Жақсы қаражат таба аласың. Барлық боксшыларға, бапкерлер құрамына және біздің жеңістеріміздің жаршысы – БАҚ өкілдеріне алғыс айтамын, – деді Кеңес Рақышев.
Федерация президенті әлем чемпиондары Элина Базарова (54 кг) мен Бақыт Сейдішке (66 кг) – 3 миллион теңгенің сертификаттарын берді. Күміс жүлдегерлер Нұрбек Мурсал (67 кг) мен Дәулет Тулемисов (75 кг) 1,5 млн теңгеден алды. Қола жүлдегерлер Гүлназ Бурибаева (48 кг), Әсем Таңатар (63 кг) мен Әсел Тоқтасын (+81 кг) 1 миллион теңгеге ие болды.
Айбек МҰХАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.