Бокстан 1-14 мамыр аралығында Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласында жалауы желбірейтін әлем чемпионатына қатысатын Қазақстаның ұлттық құрама командасының тізімі анықталды.
Бұған дейін хабарланғандай, осы күндері ұлттық құрама боксшылары Шымкент қаласындағы «Алма-Тау» базасында соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Сонымен Өзбекстанның астанасына Қазақстан құрамасының мына былғары қолғап шеберлері аттанады.
Санжар Тәшкенбай (48 кг)
Сәкен Бибосынов (51 кг)
Махмұд Сабырхан (54 кг)
Серік Теміржанов (57 кг)
Талғат Сырымбетов (60 кг)
Санатәлі Төлтаев (63,5 кг)
Дулат Бекбаев (67 кг)
Асланбек Шымбергенов (71 кг)
Нұрқанат Райыс (75 кг)
Нұрбек Оралбай (80 кг)
Сағындық Тоғанбай (86 кг)
Айбек Оралбай (92 кг)
Қамшыбек Қоңқабаев (92 кг)
Бокстан ұлттық құрама биыл соңғы рет Сербияның астанасы – Белград қаласында өткен әлем чемпионатына қатысқан еді. Сол жерде Қазақстан құрамасы 5 медаль (2 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлде) иеленген болатын. Осы ретте айтатын бір нәрсе, Белградта болған әлемдік бәсекеде финалға шыққан әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, күміс жүлдегерлер Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов Ташкент шаршы алаңында өнер көрсетеді.
Әлем чемпионаты 1-14 мамыр аралығында өтеді. Оған 104 елден 600-ден аса былғары қолғап шебері қатысады.
Чемпиондар мен жүлдегерлер 13 салмақ дәрежесі бойынша анықталады. Ташкентте өтетін әлем чемпионатына бірнеше елдің бокс федерациялары бойкот жариялап, қатысудан бас тартты.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА