Теннисші Әмір Омарханов Грузияның астанасы – Тбилиси қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында өткен ITF Juniors J60 турнирінің абсолютті жеңімпазы атанды.
Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
15 жастағы теннисші — Қарағанды теннис мектебінің түлегі. Қазір ол Чехияда жаттығып жүр. Грузиядағы турнирде ол жекелей және жұптық сында үздік атанды.
Әмір жекелей сында әзербайжандық Канан Гасимовты 6:1, 6:3 есебімен ұтты. Ол финалға дейін де қарсыластарына бірде-бір сетті берген жоқ. Ал жұптық бәсекеде болгариялық Иван Найденовпен бірге отандастары Ілияс Маратұлы мен Виталий Зацепинді 6:3, 6:4 есебімен жеңді.
Осылайша, Әмір Омарханов ITF Juniors додасында бесінші титулы жеңіп алды. Оның екеуі – жекелей сында.
Тбилисидегі жеңісінен кейін ол жасөспірімдердің әлемдік рейтингінде 298-орынға көтерілді.
ФОТО: Қазақстан теннис федерациясы