• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Азиадада споршыларды арқадан демеп жүрейік

    Қытайдың Ханчжоуында басталған XIX Aзия ойындары ғажап көріністермен көз алдымызда қалды. Тіпті сәтінде бұл салтанатты ашылуды сонау 2008 жылы осы елдің астанасы Бейжінде болған Олимпиадалық ойындардың ашылу салтанатымен салыстырсақ та болады. Дәлірек айтсақ, соның жалғасы деуге тұратындай.

    Бүгінде ілгері кеткен дүниедегі жарықты пайдалану әдістерінің шыңына жеткен қытайлықтар стадион-сахнада екі сағаттан асатын теңдессіз спектакль жасады. Мұндай кешенді жарыс шартына сай шеруге шыққан спортшылар арасында Қазақстан тобы саны жағынан шамамен 2-5 орындарда болған шығар. Бұл әзірге спортшылар қарасына байланысты нәтижеміз. Енді алда соны сапаға айналдырып,спорттық нәтиже жағынан сол орындарда болу міндеті тұр!

    …Жасырмаймын, мұндай жарыстың мыңын көрген тәжірибелі журналист ретінде еліміз жарысқа жіберген 524 спортшыны тым көп деп ойлаймын. Әрине, олардың бәрі жарысқа жолдама-лицензия жеңіп алғаны белгілі. Әйтсе де, жолдама жеңіп алу басқа да ел атынан оларды кешенді жарысқа аттандыру басқа. Өркениетті елдерде жолдама алған спортшыларды түгелімен сыпыра Олимпиадаға аттандыра салуға болмайды. Елде ғылыми-зерттеу сарапшылар тобы құрылып, спортшылардың бұл жарыстағы мүмкіндігі сарапқа салынып, құрығанда 1-20 орындарға ілінеді-ау деген спортшыларды ғана топқа қосу абзал. Әрине, жас, талантты жолдама жеңіп алған спортшыларды да Ойындарға тәжірибе жинақтау мақсатында апару керек. Оны да сарапшылар тобы шешкені жөн.

    …Сол 524 спортшының бәрі Ханчжоуға қоржын арқалап аттанды. Ертең соның түгелге жуығы бос қайтса, көбісі 20-40 орындар алып жатса, елдігімізге сын емес пе?! Ол күндері «Біз Азия ойындарына 524 спортшы аттандырдық» деген мақтан далада қалады. Оның үстіне, әр адам мұндай сапарда миллиондаған теңге қаржы жұмсайтыны жасырын емес. Мемлекет қаржысын босқа шашпау мәселесін де ешкім жауып қоюға тиіс емес! Біз айтқан ойға дәлел көп. Өзімізбен көрші, халқының саны бізден едәуір көп Өзбекстан елі бұл Ойындарға 350 ғана спортшы жіберіпті. Есесіне олар Азия ойындарын кең насихаттауға 35 журналист аттандырған. Бұл жағынан да біз ұтылып тұрмыз. Ханчжоуға келген қазақстандық қалам, микрофон шеберлері жиырмаға жетпейді. Бұл бәсеке емес, бірақ болашақ талантты жастарды спортқа тарту үшін балалар спорт мектептері қандай қажет болса, спортты насихаттау тура сондай керекті!

    …Бұл ойлардың бәрі ертең аяқталғанда білгішсініп, неге бұлай, неге олай демеу үшін ерте айтылып жатыр. Ниетіміз де ақ. Ел намысы мен ұлт болашағы ойландырған соң келген ұсыныстар ғой. Еститін құлақ табылатынына деген үмітпен айтып жатырмыз. …Ханчжоудағы XIX жазғы Азия ойындары тамаша ашылды. Енді осындай тамаша нәтижелер ел спортшылары қатысқан жарыстарда да жаңбырша жауып жатса ғой. Сол кезде біздің дауыс та жарқын-жарқын шығады. Сіздер де елеңдеуден жалықпайсыздар. Ешкімге қарсыласын жеңіп бермесе де ақжолтай жақсылық Алладан ғой. Жаратушымыз осы Азия ойындары барысында Қазақстан атлеттерін арқадан демеп жүрсін деп тілейік. Тілекті бере көр, Құдайым!!!

     

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

    спорт журналисі, жазушы, спорт қайраткері

    ФОТО: Туризм және спорт министрлігі

    ХАНЧЖОУ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *