• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Мәжіліс депутаты «Астана мен «Барысты» қаржыландыруды шектеуді ұсынды (ВИДЕО)

    Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев Үкімет басшысына сауал жолдап, кәсіби спортты қаржыландыру мәселесін көтерді. Ол кәсіби спортқа бөлінген қаржының тиімсіз жұмсаоып жатқанын, халықтың ақшасынан құрылған «Самрұқ-Қазына» қорының клубтарын қаржыландыруды шектеп, спортты қаржыландыру мәселесі бойынша өзінің ұсыныстарын айтты.

    Құрметті Әлихан Асханұлы!

    Мемлекет басшысы жуырда спортшылармен кездескенде: «Кәсіби спорттағы аса жоғары жетістіктің болмағаны мемлекеттен бөлінетін қаражаттың тиімсіз жұмсалатынын көрсетеді», — деді.

    Енді есепті қараңыздар, Қазақстан Жоғары жетістіктер спортына жыл сайын бюджеттен 775 миллион доллар бөліп отыр. Мынау не масқара? Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда спортқа жылына 775 миллион доллар бөлу сау адамның ақылына сия ма?

    Ең сорақысы, қисапсыз ақша бөлгенмен жеткен жетістігіміз де жоқ. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп, 92 мемлекеттің ішінде 83-орын алды. Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, Жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланды Токиодағы Олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал Жоғары жетістіктер спортына 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль иеленді. Біздің сұрымыз анау, 775 миллион долларды спортқа бөліп 8 қола жүлдемен келдік.

    Жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11 орынмен оралғанымызды және қосыңыз бұған. Бұл бір.

    Ұсыныстар:

    1.Министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет. Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Олимпиадалық спорттардың барлығы бірдей жеміс беріп жатқан жоқ. Сондықтан сараптама жасап, жүлде әкелетін түрлеріне ғана басымдық беру керек.
    2. Кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеу қажет. Мысалы, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы мен «Астана» велокомандасына жылына «Самрұқ-Қазына»-дан 65 миллион доллар бөлінеді. Бұл асып-тасу, түптеп келген ол ақша «Самрұқ-Қазына»-ның емес халықтың ақшасы.
    3. Легионерлерге бюджеттің есебінен айлық төлеуді тоқтату керек. Неге біз қазынадан шетелдік спортшыны асырауымыз керек. Легионер шақыра ма, оның айлығын демеушілердің есебінен төлесін спорттық клубтар.
    4. Жергілікті спорт федерациялары тікелей орталыққа бағынуы керек. Әйтпесе қазір әркім білгенін істеп кетті. Салдарынан нәтиже жоқ.
    5. Спорт саласына «мониторинг» деген түсінік енгізу керек. Өйткені құзырлы ведомства аймақтағы жағдайлардан бейхабар, тексеріп те бара алмайды. Аталған ұсыныстарды неғұрлым тез жүзеге асыру қажет. Себебі жуырда Париж Олимпиадасы басталады, сол кезде тағы ұятқа қалмау керек.
    Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз.

    Екінші мәселе, Қазақстандағы спортқа жауапты министрлік 180-нен астам спорт түрін ресми тіркеп, оған бюджеттен қыруар ақша бөліп отыр. Соның тек 50-ге жуығы ғана жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енген. Қалған 100-ден спорт түріне министрлік қай жетіскенінен бюджеттен ақша бөліп отыр деп сұрағым келеді? Салыстырып айтайын, Ұлыбритания Олимпиада бағдарламасына кіретін тек 15 спорт түріне бюджеттен қаржы бөледі, Германия 18 спорт түріне қазынадан ақша береді, ал көршіміз Өзбекстан тек 17 спорт түріне бюджеттің қаржысын жұмсайды. Біздікі не шашпалық? Қазақстан қазынадан ақша бөлетін 180 спорт түрінің ішінде Пенчак силат, Спорттық балық аулау, Биатл, Триатл, Петанк, Текбол, Унифайт, Черлидинг дегендер жүр. Осылардың атын ел енді естіп отырған шығар. Айтпақшы Қазақстанның бюджетінен қаржы бөлінетін және бір спорт түрі бар, спорт на пилоне деген. Іздеп қараңыздар, спорт жанашырлары мұны стриптиз деп сынап жатыр. Сонда министрлік осыларға қалай қаржы бөліп отыр?
    Ал Ұлттық спортымыздың хәлі нешік дегенге келейік. Ұлттық спорт түрлерін қолдауға 2024 жылға бар болғаны 10 миллион 460 мың теңге бөлу жоспарланған. Өте аз. Мұны қалай түсінуге болады? Ол аздай, Қазақ күресін мазақ қылып турнир ұйымдастырып, оны жаһанға жариялағандар және бар.
    Тағы бір мәселе, Туризм және спорт министрлігінің бюджетін қарағанда құжаттың 311-бағдарламасында: «жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде шаруа, фермерлік қожалықтарды субсидиялауға 54 миллиард теңге қарастырылыпты. Министрлік шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтарға не үшін қаражат беріп отыр? Бұл сауалды комитет отырысында қойдық, бірақ жауап ала алмадық.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *