• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Шымкентте қазақ күресінен Балуан Шолақ атындағы клуб ашылды

    Бүгінгі күні қазақ күресінің қарқынды дамып келе жатқанын көре отырып көңілді қуаныш кернейді. Өйткені, ұлттық күресіміз Біріккен күрес Одағының (UWW)  құрамына мүше болып енгелі бері cпорттың осы түрінен әлемнің әр түкпірінде жарыстар ұйымдастырылып, қазақ күресіне деген қызығушылық артып келеді.

    Әрине, елімізде әлі де қазақ күресін дамыту үшін жасалынатын көптеген іргелі істер көп. Солардың бірі спорт ғимараттарын көптеп ашып, жас ұрпақтың төл күресімізге сүйіспеншілігін жақсарту жолында ауқымды жұмыстар жасау керек. Жуырда Шымкент қаласында қазақ күресінен үлкен клуб ашылып, қала тұрғындарын бір қуантты. Бұл қазақ күресі клубының зәулім сарай болып тұрғызылуына оңтүстік өңірге танымал құрылысшы, ардақты азамат, «Ғимрат Құрылыс-1» ЖШС  компаниясының басшысы, кезінде қазақ күресі мен еркін күрестен облыстық, республикалық тіпті Бүкілодақтық жекпе-жектерде топ жарып, бірнеше дүркін чемпион  атанған ардагер палуан Әзиз Дәулетбеков зор үлесін қосты. Ел игілігі үшін салынған қазақ күресі клубының ашылуына Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Ислам Әлмақанұлы Әбішев пен осы ұйымның вице-президенті Серік Адамұлы Түкеев мырзалар арнайы  келіп, клубтың тұсауын салтанатты түрде  кесті. Бітер істің басына — жақсы келер қасына демекші, көз тартатын зәулім ғимарат ел игілігіне тарту етіліп жатқан кезде, бейғамдықты  жөн көрмеген іскер басшы, қазақ күресін  өрге сүйреп жүрген жанашыр азамат Ислам Әбішев  ашылу салтанатында төл күресіміздің болашағы турасында  өзінің жүрекжарды  пікір-ұсыныстарымен  де бөлісе  кетті.

    «Біз қазақ күресін  дамыту үшін  көп болып үлес қосуымыз керек. Айталық, әрбір адам   ұлттық күресімізден ашылған қорға  деп,  өз қалтасынан 100 теңгеден  шығарып салып отырса, қаншама қаржы жиналар еді. Ал, сол қор заңды түрде тіркеліп, әрбір тиын төл күресіміздің ертеңіне жұмсалу керек. Тамшыдан теңіз құралатынын ескерсек, ұлттық күресіміз ешқандай қаржы тапшылығына кездеспеген болар еді. Әркімнен көмек сұрап телміремей  жарқын істермен үлкен жетістіктерге жетер едік», — деп,  ақылға қонар ұсынысты алға тартты. Расымен де қазақ күресіндегі қаржылай тапшылықты сезінбеген жан жоқ шығар, сірә. Қаншама талантты палуандар мен жаттықтырушылар ақшаның аздығынан  тасада қалып не болмаса өзге спорт түрлерін жағалап кетіп жүр. Ол өтірік емес. Сондықтан да қазақ күресінде осы бір түйіні шешілмей тұрған мәселеге бір нүкте қояр сәт жақындаған секілді. Мысалы, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы қаншама әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарын өткізді. Ал, сол әлемдік деңгейде өткен жарыстарға жоғарыдан бір тиын көмек бөлінген емес. Тек, ұлтқа жанашыр, ұлтжанды, қайырымды, патриот азаматтардың арқасында қазақ күресінен әлемдік аламандар тоқтаусыз  ұйымдастырылып  келеді. Өйткені, қазақ күресі  киелі төл өнеріміз болғандықтан  Алланың көмегімен әркез де әйтеуір түптің-түбінде жанашыр жандар табылып жатады. Хош, сонымен Шымкентте ашылған қазақ күресі клубына оралсақ.

    Бүгінгі таңда қазақ күресінен 7 әлем, 11 Азия, 3 Еуропа чемпионаты және 3 әлем кубогы өтіп, 40-тан астам елде қазақ күресі федерациялары жұмыс жасауда.  Былтыр төл күресіміз ел спорты тарихында тұңғыш рет Ашғабадтта өткен жабық кешендегі  Азия ойындарының бағдарламасына 3 салмақ  дәрежесі бойынша  кіріп, барша қазақ елін қуанышқа бөлегені есімізде.

    2016 жылы қазақ күресінен Африка және Панамерика чемпионаттары ұйымдастырылып, ұлттық күресіміз әлем халқы қызыға қарайтын күрес түріне айналып келеді.  Осылайша, өткен жылы қазақ  күресіміз елеулі жетістіктермен жылды қорытындылады. Соның барлығы дерлік, ұлттық күресіміз десе ішкен асын жерге қоятын, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қараған білгір де білікті мамандардың елеулі еңбектерінің жемісі. Солардың бірі және бірегейі Серік Адамұлы Түкеев. Қала орталығынан бой көтерген су жаңа қазақ күресі ғимаратының  салтанатты ашылуына Оңтүстік Қазақстан облысының  құрама командасының белді палуандары түгелдей келіп, қуанышпен шын көңілдерімен бөлісті. Олардың арасында команда капитаны Әділжан Ыстыбаев та бар. Әділжан Ашғабадтта өткен Азия ойындарында қола жүлдені жеңіп алған тұңғыш қазақстандық палуан болып, есімі тарихта қалды. Ол сүйікті қаласында қазақ күресінен спорт клубының ашылып отырғанына дән риза. Өйткені, «Ғимарат Құрылыс-1 »  ЖШС  компаниясының басшысы, жаны жайсаң, ардагер палуан Әзиз Дәулетбеков енді, облыс  намысын қорғайтын спортшылардың   алдағы уақытта ешқандай қиындыққа кездестірмей қанатының астына алып, бар жағдайларын жасап беруге дайын екендігін ісімен дәлелдеді. Әрине, қамқорлық болған кезде, қиыншылық сырт айналып кетініні белгілі. Сондықтан да палуандардың жүздерінде жылылықтың нұры сезілгендей. Айпақшы, Жуырда  Алматыда қазақ күресінен конфедерация кубогы үшін өткен жарысқа облыс  палуандарының барлық қаржы жүгін көтеріп, абыроймен апарған Әзиз ағаларына құрама команданың балуандарының айтар алғыстары шексіз. Содан болар облыс намысын қорғаған апайтөс жігіттер желпіне өнер көрсетіп, үлкен жетістіктерге жете білді. Осылайша, қазақ күресі үшін өткен жыл елеулі оқиғаларға толы болып, құтты жылдың бірі болып тарих қойнауына өтіп кетті.

    Оңтүстік өңірді қазақ күресінен тұңғыш рет ашылған клуб әйгілі палуан Балуан шолақтың есімімімен аталады. Балуан Шолақтай аты дарабоз палуандар шығып, Қазақстанның ғана емес, жалпы қазақ елінің намысын әлем жекпе-жектерінде абыроймен қорғасын деген үмітті ту еткен бұл спорт клубының  алар асу әлі алда деп ойлаймыз. «Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды», демекші, осындай берекелі бақ отауға, Жанпейіс Қобылановтай білікті ұстаз, тәжірбиелі күрес маманының басшылық қызметіне  шақыртылуы жарты істің біткені деп санайды жергілікті жұртшылық.

    Ата бабамыз бізге  мирас етіп қалдырған бекзат өнеріміз осындай қайырымды істермен  қарыштап дамып келеді. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының алға қойып отырған асқаралы арман-мақсаттары да асқақ. Ол — төл күресімізді Олимпиада ойындарына кіргізу. Әрине, сол бағытта жасалар жұмыс жеткілікті. Биыл жазғы Азия ойындарының бағдарламасына кіргізу негізгі жоспарда тұр.

    Асығу керек асығу керек қандай да,

    Уақыт сенің асықпа дегеніңе қарайма.

    Асығу керек асыға күткен арманның,

    Аппақ сәулесі түссін де тұрсын маңдайға, — деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, иек артқан мақсатымыз қазақ күресін Олимпада ойындарына қосу деп білсек, асыға жүріп аламан істі тындыруда  шырын үмітімізді үзбесек екен.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Фото: Ғабит САПАРБЕКОВ,

    ШЫМКЕНТ

     

     

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *