• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Қазақстан футбол федерациясы

    Еуропа чемпионатына жолдама алып, халықты қуантамыз — Магомед Адиев

    20 қарашадан 21 қарашаға қараған түні Любляна қаласында футболдан 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионаты турнирінің аясында Словения мен Қазақстан ұлттық құрама командалары кездеседі. Бұл матчта Еурододаға жолдама беріледі. Н тобында Дания құрамасы өз алаңында Словения жасағын 2:1 есебімен жеңіп, бір тур бұрын Еуропа чемпионатына жолдама алып қойды.

    Қазір турнир кестесінде дат футболшылары 22 ұпаймен бірінші орында тұр. Екінші орынға Словения құрамасы орналасып отыр. Бұл елдің командасында 19 ұпай бар. Ал Қазақстан құрамасы Сан-Марино жасағын жеңгеннен кейін 18 ұпаймен үшінші орынға табан тіреді. Енді Қазақстан мен Словенияға EURO-2024 додасына тікелей жолдама алу үшін тек қана жеңіс керек. Сондықтан бұл матч қос құрамаға да маңызды.

    Осыдан екі күн бұрын ұлттық құрама Любляна қаласына барып, матчқа дайындықты бастап кетті. Кеше командалар БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізіп, ойын алдындағы соңғы жаттығу жасады.

    Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Магомед Адиев кездесуде Еуропа чемпионатына жолдама алып, қазақ халқын қуанту үшін бар күш-жігерімізді саламыз, деді.

    Біз Словениямен матчқа үлкен үмітпен келдік. Ертең біз мықты қарсыласпен ойнаймыз. Біз іріктеу турнирінде кез келген ұлттық құрамамен иық теңестіріп ойнай алатынымызды көрсеттік, көрсетіп те келеміз. Сондықтан ертең Еуропа чемпионатына жолдама алып, қазақ халқын қуанту үшін бар күш-жігерімізді саламыз.  Біз матчқа тек ұпай жинау үшін дайындаламыз, — деді ол.

    Оның айтуынша, Словения құрамасы да ойынға жақсы дайындалып жатқанға ұқсайды. Оларға тең ойында жетеді. Бірақ, қарсылас команда тең ойынды қанағат тұтпай, жеңу үшін барын салады.

    Жаттықтырушы айтқандай, осыған дейін біз бір жұмыдырыққа жұмылған ұжым ретінде ойнадық, — деді кездесуде бас жаттықтырушыдан кейін сөз алған ұлттық құрама команданың қорғаушысы Бағдат Қайыров, — Біз ұжым ретінде мықтымыз. Сондықтан ертең алаңға қай ойыншы шықса да барын салып, жанын беріп, соңына дейін ойнап, ойын өрнегін көрсетеді деп ойлаймын. Біз үшін ертеңгі матчта кім ойнаса да мақсатымыз өзгермейді. Біз үшін ең басты мақсат, Еуропа чемпионатына жоладма алу. Сол үшін әр оййыншы өзін жақсы жағынан көрсетеді деп сенеміз. Жаттықтырушылар штабы ойын алдында ақыл-кеңестерін айтып жатыр. Словениямен матчқа жақсы дайындықпен шығамыз.

    Кездесуде ұлттық құарамның жартылай қорғаушысы Аслан Дарабаев ертеңгі ойында жан алысып, жан берісін ойнайтынын атап айтты.

    Біз осы кезге дейін бар күш-жігерімізді ойнап келдік. Енді ертең де жан алысып, жан ьерісіп ойнаймыз. Асхат Тағыберген, Бақтиер Зайнутдинов, Бағдар Қайыров, Михаил Габышевтің алаңға шыға алмайтынын білесіздер. Сондықтан оларға тек тез жазылып кетуін тілеймін. Ал ертеңгі матчта Құдай қаласа, жанымызды беріп ойнаймыз. Құдайдың қалауымен біз Еуропа чемпионатына жолдама алу үшін келдік. Сондықтан Словениямен ойын аса қызықты және тартысты болады деп ойлаймын.

    Ертең Құдай қаласа жақсы хабарға қуанып, киім ауыстыратын бөлмеге кіреміз. Қазақ елін қуантамыз, — деді ұлттық құраманың ойыншысы Аслан Дарабаев.

    Осыдан кейін бас жаттықтырушы тағы сөз алып, Словения командасы туралы айтты.

    Қарсыластар туралы айтсам, олардың бір бізден бір ерекшелігі, Словенияда мықты ойыншылар жеткілікті. Олар Еуропаның мықты деген чемпионаттарында ойнайды. Көптеген үлкен турнирлерде ойнаған. Ал бізде рух бар, мінез бар. Жұдырықтай жұмылған командамыз бар. Біз осы кезге дейін ұпай жинау үшін ойнадық. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ертеңгі ойныға да жақсы дайындалып шығамыз. Ал нәтижесі матчтан кейін белгілі болады, — деді ол.

    Бас жаттықтырушы Қазақстан құрамасының сырт алаңдағы және өз алаңдағы ойындарының ерекшеліг туралы да пікір білдірді.

    Білесіздер ме, бұл психолигияға байланысты шығыр. Мен өз басым солай ойлаймын. Оны «Астана Аренадағы» Сан-Марино матчы да көрсетті. Егер футболшы ұлттық құрамада көп ойнамай, құрамының жейдесінде алаңға шықса бұл да кәдімгідей психологиялық салмақ салады. Сол себепті ойыншыға құраманың жейдесінде өзі суда жүзген балықтай сезіну үшін белгілі бір уақыт керек.Ал Словениямен матчқа алаңға жаңа ойыншылар шығады. Словения да Даниямен матчқа біраз футболшысын шығармай, бізбен ойынға сақтаған. Сондықтан бізге психолигиялық жағынан да оңай болмайды. Жалпы, «жеңу керек, жеңу керек», «міндеттін түрде жеңу керек» деген сөздер ойнышыға кері әсер етеді. Ол Сан-Мариномен ойында да білінді.  Футболшыға ол кәдімгідей салмақ салады. Словения туралы тағы айтсам, олар өздеріне сенімді екен. Кеше Словенияның құрамын көрдім. Бізді жеңетіндеріне сенімді. Бірақ біздің топтағы қарсыластың бәрі сондай болып еді ғой. Мен басқа елдерден ұлттық құрамаға деген құрметті сөзбен емес, істеп дәлелдегім келеді. Ертең де солай болады, — деді Магомед Адиев.

    Кездесуде ол Словениямен ойынға ұлттық құраманы қолдау үшін жарақат алған команда капитаны Асхат Тағыберген мен Михаил Габышев келгенін, Бауыржан Исламханның да қатарға қосылатынын айтты. Ал Бақтиер Зайнутдинов өкінішке қарай, келе алмайды. Оған «Бешикташтың» дәрігерлері ұшақпен ұшуға рұқсат бермеген.

    Словения-Қазақстан матчына Польша төрешілер бригадасы қызмет етеді.

    Бас төреші болып Шимон Марчиняк тағайындалды. Оның көмекшілері Павел Сокольницки мен Адам Купсик болады. Төртінші төреші — Павел Рачковский.

    Марчиняк Катардағы әлем чемпионатында 36 бас төрешілерінің бірі болып жұмыс істеді.

    Ол әлем чемпионатының топтық кезеңдегі Франция мен Дания матчына (2:1), 1/8 финалдың Аргентина мен Австралия ойыны (2:1) мен финалда бас төреші болған. Ал финалда Аргентина құрамасы Франция командасын негізгі уақыт 3:3 есебімен аяқталғанда пенальти сериясында 4:2 есебімен жеңгені белгілі.

    Тағы да еске салайық, 20 қарашадан 21-не қараған түні Астана уақытымен сағат 01.45-те Qazaqstan және Qazsport телеарналарында көрсетіледі. Әзірше айтарымыз осы.

    Айтқандай, бүгін — Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұловтың туған күні. Ұлттық құрама ҚФФ басшысының туған күніне Словения командасын жеңіп, Еуропа чемпионатына жолдама алсын деп тілейміз!

     

    Дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА


    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *