Бүгін Астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасында қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған көрнекті қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың 90 жылдығына арналған «Қазіргі қазақ спорт журналистикасы және медиакоммуникация мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып, ел спортын насихаттауға телегей-теңіз еңбек сіңірген қаламгердің құрметіне спорт журналистикасы аудиториясы ашылды.
Конференция мен аудиторияның ашылу салтанатына Бердіқұловтың бешпетінен шыққан тағы бір қаламгер, Туризм және спорт министрлігінің Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры Қыдырбек Рысбекұлы да қатысып, ұстазы туралы жылы естеліктерін айтты. Біз оқырманның назарына баянламаны толық беруді жөн көріп отырмыз.
Халқымен бірге ғұмыр кешетін тұлғалар болады. Қазақтың спорт журналистикасы мен әдебиетінің негізін қалаған ардақты ұстазымыз Сейдахмет Бердіқұл осындай бақытқа кенелген адам. Бұл Алла Тағаланың Сейдахмет Бердіқұлға жасаған ұлы сыйы, ерекше тағдыры.
Сейдағаңды қазақ спорты атты ғажап саланың көшбасшысы, рухани көсемі десек, артық айтқандық емес. Ұстазымыз ұлтымыздың ақтангер ұлдары Шоқыр Бөлтеқұлы, Хамза Мұхамеджанов, Октябрь Жарылғапов, Ғұсман Қосанов, Тимур Сегізбаев, Әбдісалан Нұрмаханов, Олег Түсімханов, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, тағы басқа саңлақтар туралы керемет тартымды, көркемдік қуаты күшті, сезімге толы дүниелер жазды.
Мысалы, қазақтың тұңғыш кәсіби спортшысы, ең алғашқы ССРО спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлы туралы әңгімеге аялдайықшы. Небары төрт беттік әңгіме. Оқи бастағаннан Бөлтеқұлына деген құрметіңіз еріксіз оянды. Себебі, ер Шоқаң тек құрғақ күштің, сойқан жұдырықтың ғана иесі емес, ауыз әдебиетіне жүйрік, рухани бай адам екен. Сейдағаң қалың оқырманына аңызға айналған атақты боксшының, айтулы бапкердің осы қасиетін алдымен көрсетеді. Сондағы меңзегені спортшы ақыл-ойдың иесі, ұлт мәдениетінен хабардар, білімді болсын дегені. Енді осы әңгімеден үзінді оқып көрейік.
Мақсұт екеуміз Ремарк пе, әлде Сомосед Моэм бе, әйтеуір сол екеуінің біреуі туралы айтып қоймадық. Сонда Шоқаң орнынан жолбарысша лып тұрып кетті де… бір кезде:
Қалмақтан шыққан батырдың
Ең кенжесі мен деді,
Қазақтан шыққан батырдың
Екіншісі сен деді,
Кезегімді бер деді,
Қайратымды көр деді,
Аттың басын бұрады,
Кезегіңді ал деді,
Қасқайып қарап тұрады.
Бізге ту сыртын беріп зулата жөнелді. Оқыс бұрылды да «бұл кім туралы хисса» демесі бар ма? Екеуміз де екі елі төмендеп қалдық. Шалқая тастап тағы айта жөнелді.
Қалың қазақ үшін аңызға айналған Шоқыр Бөлтекұлын Сейдағаң осылайша мүлдем басқа қырынан суреттеп берді. Бұл жерде жұртқа сесті көрінетін айбарлы Шоқаң ұлт мұрасынан хабары мол интеллигент бапкер, нәзік жанды азамат. Қазіргі көп спортшы, көп бапкер Шоқаңның осы биігіне жете алмай жүр.
Бұл әңгіменің атауы «Бастау барын мұхит та біледі». Қазақ спортының тұма бұлағын, бастау көзін өз қолымен ашқан адам туралы бұдан артық тақырып табу мүмкін еместей көрінеді бізге.
Октябрь Жарылғапов. Сейдағаңның кейіпкері. Бүтін алаштың ардақты ұлы. Волейболдан ССРО құрамасының бапкері болған айтулы маман. ССРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанған бірінші қазақ жаттықтырушысы. Ол негізін қалаған «Буревестник» командасы 1968-1971 жылдары дүние жүзіндегі ең күшті волейбол клубының бірі болды. Октябрь туралы Сейдахмет Бердіқұлдың «Алдымен сені құттықтар едік» деген шынайы сезімге толы әдемі әңгімесі бар.
«Тау шайқалған жекпе-жек». Халқымыздың еңсегей бойлы, атақты боксшысы Әбдісалан Нұрмаханов туралы әңгімесін Сейдағаң осылай атапты. Ал мына жолдар қазіргі комментаторларға керемет үлгі дер едік: «Гильдин әлі де жаза баспай, тап-тап беруде. Бұрынғыдай кірш-кірш, гүрс-гүрс соққы жоқ, майысқақ. Әбдісалан әруақтанып алған. Кес-кестеп жүріп, қапысыз тигізеді. Рингті билеп-төстеп алған. Керменің сыртына секіріп кетпесін деп жолын тарылтады. Гонг екеуін қақ ортада бірін бірі қақырата соққан күйде тоқтатты. Сәл бөгелістен кейінгі хабарлаушы төрешінің: «Жеңіске айқын басымдылықпен Әбдісалан Нұрмаханов ие болды», деген ділгер сөзін ешкім естіген жоқ».
Қадірлі ағайын, бізде Сейдағаңнан қалған осындай ғажап мұра бар. Өкініштісі, қазіргі жас журналистер ұстазды оқымайды. Тіпті елге танымал, орта буын қаламгерлердің көбінің жазуы жадағай, сұйық, татымсыз сорпа тәрізді.
Сейдахмет ағаның «35 001-ші жанкүйер» деген әңгімесіндегі мына жолдарды шын жанкүйердің бей-жай оқуы мүмкін емес: «Стрельцов ойқастап дара шыққан Батановтың аяғына допты дәл түсірді. Батанов сұр жебедей ортаны бұзған Бредневке асырды. Степанов жеткенше Бреднев перді де жіберді. Косенков екі тізесін ұстаған күйі төмен қарады. Стадионның түгел басы салбырады». Нағыз суреткер шеберлігі осындай-ақ болар!
Мен комментатор болсам, Сейдағаңның осы әңгімедегі мына үзіндісін жаттап алып, футбол матчының оңтайлы сәтінде сәл өңін өзгертіп айтып жіберер едім: «Жетінші минутта бір қиырдан Стрельцов көлбете жіберді дейсің допты. Добы доп емес, радиомен басқарған авиамодель. Ұш десе — ұшып, тоқта десе — кідіріп, Батановтың аяғына әдемі ілікті. Ол жазған да шірене тартты. Гол!»
«Тимур және оның командасы». Қазақстың тұңғыш кәсіби футболшысы Тимур Сегізбаев туралы әдемі, мөлдіреген деректі әңгіме. Сөз кезегін тағы ұстазға берейік: «Ченцовтың көлбей жіберген добын Тимур жерге түсірмей іліп алып, бұрқырата жөнелгенде Иван Варламов ышқына қуды. Қос қапталдан тағы екі спортшы. Футболдың нәзік зергері, керегінде тікірейген көкжал Игор Нетто, қайдан келгені белгісіз, көлденеңдей бергенде, Тимур дем сағатта шешім қабылдады. Секунд аялдаса доп жоқ. Шірене тартты. Шамамен 27-30 метр. Мына кереметті қойсаңызшы, тағы да доп оң жақтағы «тоғыздыққа» кірш ете қалды. Атылуға үлгіре алмаған Владимир Лисицын көп жыл бірге ойнаған досына, бейтанысқа қарағандай ұзақ тесіліп тұрып алды…» Футболдың қан қызу сәті, қым-қиғаш арпалысы көз алдыңда көлбең еткендей бір сезім. Жазушы шеберлігі, суреткер тапқырлығы дегенміз осындайақ болар.
«Желаяқ». Қазақтың тұңғыш Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қосанов туралы. Бұл әңгімеде автор Ғұсман ағаның «менің стартым онша емес» деген сөзін келтіреді. Олимпиада жүлдегері, ССРО чемпионының стартында қандай кемшілік болуы мүмкін, деп біраз ойландым. Ақыры, шешімін тапқандай болдым. Эстафетада Қосанов желдей еседі. Ал сөреден ытқып жарысудан Әмин аға тәрізді ұшқыр емес. Әмин Тұяқов алты рет одақта топ жарса, Қосанов бір мәрте ғана ССРО чемпионы болды. Эстафетада. Сейдағаң осыны бізге жұмбақ қылып қалдырған екен.
«Соңынан қос ат мініп қусам ба екен?» Серік Қонақбаевтың Мәскеу олимпиадасындағы өкінішті сәтін суреттейді. Оқып отырып Серіктің күйін кешесің, Серік болып Патрицио Оливамен айқасасың, Серікпен бірге Олимпиада дуына түскендей күй кешесің. Сейдағаң сізді дедектетіп жетелеп отырады.
Жақсылық Үшкемпіров. «Қызық, Олимпиада чемпионы! Алдағы уақытта біздің ауылда да сансыз көп болады олар. Бірақ, әттең, басқа бір тұлғасы келіскен қазақтың нар көтерер жігіті бастаса қайтер еді, мен бастамай бұл тізімді…»
Алды қозғалған керуеннің соңы кідірмейді. Сейдағаңдай сардары бар қазақтың спорт әдебиеті Алла жазса, әлі талай асулардан асады.