• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Нұрдәулет Әбікеев

    Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындығы талқыланды

    Астанада Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен Ұлттық спорт түрлерін дамыту және 2024 жылға арналған міндеттер бойынша алқалы жиын болды, деп хабарлады ведомство.

    Сонымен қатар іс-шарада келесі жылы Астанада ұйымдастырылатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысы талқыланды.

    Төл спортымызды дәріптеуге арналған басқосуға Ұлттық және ат спорты орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері, ұлттық спорт федерацияларының президенттері, өңірлік спорт басқармаларының басшылары, аймақтардағы ұлттық спорт мектептері мен клубтарының басшылары мен «Қазспортинвест» АҚ мамандары қатысты.

    Жиында сөз алған Ербол Мырзабосынов ұлттық спорт – ұлттық құндылығымыздың, ұлттық мәдениетіміздің бір бөлігі екенін айта келіп, ұлттық спорт түрлерін одан әрі дамыту және халықаралық аренаға шығару басты міндет екенін жеткізді, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті.

    Осы бағытта ұлттық спорт түрлері федерацияларымен бірігіп, бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Биыл ұлттық спорттың бірнеше түрінен әлем және Азия чемпионаттары, Әлем және Азия кубогы, Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындары сынды ірі жарыстар болды. Спортшылардың нәтижесі жаман емес. Бірақ алда тұрған міндет көп. Бүгінгі таңда соның ең бастысы – 2024 жылғы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын абыроймен өткізу.  Жақсы нәтижеге жеткізу үшін жақсы дайындық керек. Баршаңызды алдағы Көшпенділер ойындарын лайықты өткізуге атсалысуға шақырамын, — деді Ербол Мырзабосынов.

    Күн тәртібінде тұрған Ұлттық спорт түрлерінен республикалық федерациялардың атқарған жұмыстары мен алға қойған жоспарлары, еліміз бойынша ұлттық спорттың дамуы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы, Ұлттық спорт түрлерін дамыту және әр түрлі мәселелер бойынша федерация басшылары, ұлттық және ат спорты орталығының директоры, «Қазспортинвест» АҚ президентінің орынбасарлары баяндама жасады. Әрбір федерация атқарған жұмыстарына есеп беріп, Ұлттық спорттың әлеуетін арттыру мақсатында ұсыныстар айтты.

    Жиын соңында ұлттық спорт түрлерінің өзекті мәселелері талқыланып, оң шешім табу үшін барлық федерация бірлесе жұмыс атқаруға келісті.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *