• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    qazaquni.kz

    Бұлай болмауы керек еді… — Серік Абдрахманов «Төрт ағайындының» бірі туралы

    Қоғам қайраткері Серік Абдрахманов жақында фәниден бақиға аттанған «Төрт ағайындының» бірі Еркін Ізбасардың қазасына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына және басқа да жақындарына көңіл айтты. Серік Абдрахманұлы Еркін Ізбасардың фәнидегі жақсы жағын еске алды. Ол марқұмды Желтоқсанның қаһарманына теңеп, оны ұлт намысын қорғаған азамат деп атады.

    80-жылдардың ортасында, — деді ол, — Еркін Ізбасар Алматы зооветеринарлық институтының студенті бола жүріп, бірге тұратын құрбыларының қалауымен өз жатақханаларының коменданты болып сайланған еді. Еркін күрес шебері, оқу үздігі, құрдастарының алдындағы беделі мен бойына дарыған ұйымдастыру қабілетінің арқасында тұрғынжайларда тәртіп пен тазалықты қалыптастырды. Бұл сол кездегі студенттер арасында өзін-өзі басқару (самоуправление) тәжірибесінің үздік үлгісі болды. Мен Қазақстан комсомолының жетекшісі ретінде бұл туралы үлкен мінберлерден айтып насихаттап жүрдім. Озық бастама көп жерлерде қолдау тапты.

    Одан әрі Серік Абдрахманұлы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында Еркін Ізбасармен кездескен кезін айтты.

    18-желтоқсан күні мен түс уақытынан бастап Брежнев алаңында ереуілшілер арасында болып, әскерилер шеруді күшпен тарқатып, бейбітшіл жастарға көрсеткен қатыгездіктеріне әріптестеріммен бірге қарсы тұрып, жағаласуға дейін бардық. Жарым түнде ғана кеңсемізге қайттық. Екі күн бойы болған астан-кестеңді қорытындылауға кірістік. Жан-жақтан мәліметтер түсіп жатты…

    Бір кезде мақтаулы зоовет институтының жатақханасынан «Студенттер тәртіп орнатуға келген әскерилерді таяққа жығыпты» деген хабар келді. Сол жерге мен таңертең бардым. Ленин бөлмесіне жастар, мұғалімдер, оқу орнының басшылары жиналыпты. Еркін бізді қарсы алды. Одан бірден «Неге солдаттарға тиістіңдер?» деп сұрадым. Ол болған жағдайды баяндады. Шекарашылар училищесінің курсанттары жатақхананың есігін бұзып кірген де, себепсіз жатақхана тұрғындарына қоқан-лоққы көрсетіп, қыздарға шүйлігіп, ұлттың намысына тиетін жаман сөздер айтып, қол да жұмсапты… Сол арада шекарашыларға қаным қайнап тұрып Еркіннен: «Сендер не істедіңдер?», деп сұраппын. Еркін сәл кідіріп: «Аға, сыбағасын бердік… Екінші ретбізге келмейтіндей қылдық», деді. Ал мен аузымнан қалай шыққанын білмей көпшіліктің көзінше «Сауап қылыпсыңдар! Кімнің нанын жеп жүргендерін білсін!», деппін, — деді ол.

    С.Абдрахмановтың айтуынша, бұл әңгімені оған 7-8 жыл бұрын Талдықорғанға Зылиха Тамшыбаеваның атындағы дәстүрлі турнирге ақтөбелік еркін күрес балуандарын ертіп келген Еркін Ізбасардың өзі есіне салған.

    Сол кезде онымен біраз әңгімелестік. Қоштасарда қол алысып: «Інім, дұрыс жолға түстің бе?» деп темір арбада отырған Еркіннен сұрадым. «Серік аға, айыбымды артығымен өтедім. Бұзықтық жастық кезде қалды ғой…», деді. Амандық тілеп қоштастым.

    Мен екі Еркінді білдім. Бірінші Еркін менің жүрегімде «Желтоқсан қаһарманы» болып қалды.

    «Төрт ағайынның» бірі Еркін Ізбасар дегенді бірінші рет естіп таңқалдым да, өкіндім… Бұлай болмауы керек еді… Өкінішті. Өкінішті, — деді Серік Абдрахманұлы.

    Ол марқұмның әулетіне, бала-шағасына, жақын-жуықтарына көңіл айтты.

    «Төрт ағайынды» тобының жетекшілерінің бірі Еркін Ізбасардың қайтыс болғаны туралы қаралы хабар 27 қарашада тарады.

    ҚазАқпараттың хабарлауынша, 2018 жылы Еркін Ізбасарға ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік еткені үшін айып тағылып, сотталған болатын. Одан кейін ол Ақтөбеде мұнай ұрлады, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыпталып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол түрмеден үш жылдан соң денсаулығына байланысты шықты. Бірақ ақталмады.

    Еркін ақталған жоқ. Денсаулығының нашарлап кетуіне байланысты босатылды. Қазір үйде. Гүптей боп ісініп кеткен. Өскемендегі түрмеден Алматыға алып келдік. Алматыда төрт рет ота жасалды. Мүгедек адамды жала жауып түрмеге тыққасын не болушы еді? Балам өлуге келген. Үйден емдеп жатырмыз. Ісігін қайтарған соң ауруханаға жатқызамыз ба деп ойлап отырмыз, – деген еді Еркін Ізбасар түрмеден шыққан кезде оның шешесі Мейірхан Ізбасар.

    Еркін Ізбасардың қазасы туралы ақпаратты замандастары растады.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *