• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Нартәуекелдің» тұсауы кесілді

    Спорт тарихшысы Қыдырбек Рысбектің әйгілі балуан, Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлықанов туралы жаңа кітабы шықты.

    Кітап туралы қаламгердің өзі былай деп жазды:

    Халқымыздың ардақты ұлы, әйгілі балуан, Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлықанов туралы жақында «Нартәуекел» атты кітабым жарық көрді. Кітаптың демеушісі — Қарағанды қаласындағы «Жеңіс» кәсіпқой дзюдо клубының Қамқоршылық кеңесі (Тимур Тұрсымбаев). Тимур бауырымызға спорт тілеулестері мен өз атымнан зор алғысымды білдіремін. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, облыстық спорт интернат-колледжінің директоры Ерден Халилин мен Қарағанды облыстық спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев та бұл еңбектің шығуына шынайы тілеулес болды.

    Ерден Халилин мен Темірхан Абылаевтың ұйытқы болуымен Дәулет Болатұлының 60 жылдық мерейтойына орай кеше түс ауа Қарағанды қаласында «Нартәуекелдің» тұсаукесер рәсімі болды. Темірхан Абылаев тізгінін ұстаған салтанатты кешке Дәулет Тұрлықанов арнайы келді. Қалың жұртшылық айбоз ұлын зор сүйіспеншілікпен қарсы алды. Жиын сондай бір көңілді күйде, салтанатты рәуіште өтті. Ұзын-сонар баяндама жасалған жоқ. Дәулеттің атына артық-ауыс мадақ айтылмады, сөз алғандар барынша жинақы, барынша шынайы сөйледі.

    Дәулет балуан туралы жасалған видео да сондай тартымды шықты. Дидар Қами ақынның Тұрлықановқа арнаған жырына көпшілік дүркін-дүркін қол шапалақтаумен болды.

    Сонымен, «Нартәуекел» оқырманға жол тартты. Қазақ спорт журналистикасындағы тұңғыш күнделік-кітап. Дәулеттің 1990-2023 жылдар аралығындағы бастан кешкен әрқилы жағдайлары, қилы-қилы тағдыры туралы күнделікке түскен жазбалар жинағы.

    Халқымызда «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дейтін аталы сөз бар. Дәулет балуан кешегі тар кезеңде қазақ ұлтының рухын сан мәрте көкке көтерді. Маңдай терін тамшылата төге жүріп Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатында үздік шықты. Сол жеңістер миллиондаған бауырларымыздың рухын асқақтатып, намысын жаныды. Дәулетке еліктеп мыңдаған бала боз кілемге қадам басты, шыңдалды, есейді, жауынгер боп, азамат боп ел қатарына қосылды. Осыны терең ұғынып, Дәулеттей ардақтысының қадіріне жеткен қарағандылық азаматтарға мың да бір рахмет!

    … Әлі есімде, 1988 жылы жазғы олимпиада үстіндегі репортаж кезінде Совет одағы құрамасының бас жаттықтырушысы, екі дүркін Олимпиада чемпионы Иван Ярыгин: «Дәулет Тұрлықановты классикалық және еркін күрестен Сеул олимпиадасының талассыз чемпионы санаймын» деді. Біз спортшыны медаліне қарап бағалаймыз. Ал сол тұста дүние жүзіндегі ең күшті құраманың бас бапкері И. Ярыгин Дәулетті мүлде басқа қырынан танып тұр ғой. Сол Олимпиада ойындарында Тұрлықанов төрт қарсыласын кілемге жауырынымен таза жапсырып, екі балуанды бірдей есеппен 12:0 ғып тас-талқан қылды. Бұл — сұрапыл жеңіс! Ал қазіргі балуан інілеріміз неге осылай буырқанып, бұрсанып алыспайды?! Неге тіресіп, жұлқыласып жүріп алады? Неге?

    Бір жылдары Өзбекстан құрамасының аға жаттықтырушысы, әлем чемпионатының үш мәрте күміс медалисі Камил Фаткуллин мынадай маңызды деректі ортаға салды: «Әлем және Еуропа чемпионаттары басталар алдында төрешілер кеңесі болады. Кеңесте әдіс-тәсілдің таза жасалуы, оған берілетін баға, т.с.с. мәселелер талқыланады. Осындай жиындарда Дәулеттің сол жамбаспен лақтыруы, партерден тапқырлықпен құтылып шығуы көпке үлгі ретінде төрешілерге сан мәрте көрсетілгеніне куә болдым…» Міне, дүние жүзі күресінің білгірлері Дәулетті осылайша мойындап жатса, біз оның балуандық шеберлігі туралы әлі күнге дейін бір әдістемелік кітапша жазуға жарамадық. Барды бағалай білмесек, білетін ұлыңнан үйренуге жарамасақ, бізге күрес ілімін біреу әкеп миымызға құйып бере ме?

    «Нартәуекелде» адамшылық жолын ұстанамын, алысқа талпынамын, бапкер боламын, спортшы боламын деген жастар үшін үлгілі, өнегелі мысалдар көп. Ал Дәулет Тұрлықанов халықаралық деңгейде мойындалған тұлға. Сондықтан осындай азаматтардың өмір жолына ой көзімен қарағанымыз абзал.

    Белгілі қаламгер, спорт тарихшысы Қыдырбек Рысбек көптеген кітаптың авторы.

    Бұған дейін ол «Дәулет», «Сұрмерген», «Бекзат», «Құзға біткен қарағай», «Тұлпардың тұяғы», «Манап мектебі», «Берікқазы», «Тұрлықан Қасенұлы», «Қазақтың 72 бапкері», «Саңлақ» деген кітаптарды шығарып, оқырман қауымды қуантқан болатын.

    Ол «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары», «Қазақ олимпиадашылары» деректі жинақтарының идея авторы әрі құрастырушысы.

    Қыдырбек Рысбек — Қазақстан Жастар одағының, Б.Бұлқышев және С.Бердіқұл атындағы республикалық байқаулардың, «Үркер» ұлттық сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.

    Sportpress.kz ақпараттық-сараптамалық спорт сайтының ұжымы спорт тарихшысын жаңа кітабымен құттықтай отырып, отбасына зор денсаулық, ұзақ өмір, шығармашылық табыс тілейді.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *