Тәуелсіздік күні жақындаған сайын Желтоқсан батырларының арасында түрлі іс-шаралар, кездесулермен бірге спорттық додалы жарыстар қызу өте бастайтыны белгілі.
Бүгін Алматы қаласындағы «Айнабұлақ» шағын ауданында орналасқан № 129 жалпы білім беру мектебінде Тәуелсіздік күніне орай, тағы бір тартысты Cпартакиада болып өтті.
Жарысқа Жетісу ауданындағы 19 ұйымының атынан командалар келіп қатысып, спорттың дартс, шахмат, волейбол сынды түрлерінен күштерін сынады. Спартакиадаға қатысқан Желтоқсан ұйымдарын саралай кетсек олар;
- Желтоқсан Ақиқаты
- Желтоқсан Алматы
- Желтоқсан Зейнеткерлері
- Әз Желтоқсан
- Желтоқсан Қырандары
- Желтоқсан Қоғамы
- Желтоқсан Ғасыр тарихы
- Желтоқсан Мәдени-тағылым ұйымы
- Желтоқсан Жұлдыздары
- «Желтоқсан республикалық халықтық отаншылдық қозғалысы» атты ұйымдардың командалары. Осындай тартысқа толы бәсекені өткізуге «Желтоқсан республикалық халықтық отаншылдық қозғалысы» қоғамдық бірлістігінің Жетісу ауданы бойынша төрағасы Кенжебай Әшірбекұлы Отарбай мұрындық болған екен.
Сонымен, жарыс алаңдарында күн ұзақ шеберліктерін салған батырлардың арасынан топжарып шыққан командалар белгілі болды. Алдарына жан салмай барлығын басымдықпен жеңген Жетісу ауданы «Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төкен Смағұлов бастаған ұжым барлық спорт түрінен жеке дара көш бастап жеңімпаз атанды. Әсіресе, кескілескен волейбол ойындары бейнебір ел біріншілігі өтіп жатқан секілді тартысты әрі тартымды болды. Қарсыластарын қоғадай жапырып жеңістің бас кубогын олжалаған Жетісу ауданы «Желтоқсан Ақиқаты» командасына бұл күні лайықты қарсылыс табылмады десе болғандай.
Иә, Жетісу ауданы «Желтоқсан Ақиқаты» ұжымының осындай аламандарда топжаруының өз себебі бар. Өйткені, бүгінде алпыстың асуына алды шыққан ардагер батырлар, мен қартайдым деп қоғамнан тыс тырп етпей жамбастап жатып алмай, спортпен айналысып белсенді өмір сүруінің жемісі осы болар. Сондықтанда «Желтоқсан Ақиқаты» батырларының бұл қадамдары жастарға үлкен үлгі -өнеге деп білеміз. Алған беттеріңізден қайтпай, спортты өмірлеріңіздің негізі тірегі ете беріңіздер! Алла алдарыңнан жарылқасын дейміз!
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ