Астанада Туризм және спорт министрлігі жанынан қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы мен жазғы Олимпиада және Паралимпиялық ойындарға дайындық штабы ашылды, деп хабарлады ведомство.
Былтыр 13 желтоқсанда туризм және спорт министрінің спорт сарапшыларының қатысуымен жасөспірімдер Олимпиадасы мен Олимпиялық және Паралимпиялық ойындарға ұлттық құрама командалардың жұмысын ұйымдастыру бойынша штаб құру туралы бұйрығы шыққан болатын.
Бұл штаб мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті мен спорт федерацияларының бірігіп жұмыс істеуі үшін құрылды. Штабтың негізгі жұмысы – спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету. Штаб барлық кешенді жарыстар аяқталғанға дейін тұрақты негізде жұмыс істейтін болады.
Штабтың құрамына 6 адам кірді. Олар — ҰОК спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатов, ҰОК Бас хатшысының орынбасары Серік Сәпиев, туризм және спорт министрінің қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі кеңесшісі Диас Ахметшәріп, уризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК көркем гимнастикадан команда басшысы Әлия Нұрсафина, Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК спорттық өрмелеуден команда басшысы Нұрсұлтан Алдоңғаров пен «Ұлттық конькишілер федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің спорттық директоры Бектұр Қиятбай.
Іс-шараға Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері және биылғы әлем чемпиондары, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегері, спорт журналистері қатысты.
Жиында сөз алған туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев былтырғы жыл ел спорты үшін сәтті жыл болғанын, отандастарымыздың халықаралық ареналарда жарқын жеңістерге жеткеніне ерекше тоқталып, биылғы жылғы дүрмекті додаларға дайындық барысын баяндады.
Былтыр елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ауқымды дайындық басталды. Мемлекет басшысы бірер күн бұрын Egemen Qazaqstan газетіне сұхбатында «Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болатынын айтты. «Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз», — деп атап өтті .
Бүгін біз мемлекет басшысының Канвон-2024 қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына, Париждегі жазғы Олимпиада мен Паралимпиадаға дайындық жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында құрылған штабтың бірінші отырысына жиналдық. Ұлттық құраманың сапалы дайындығы үшін спортшылар пулы, яғни лицензия мен медаль жеңіп алуы мүмкін үміткерлер жасақталды. Құраманың кейбір көшбасшылары Олимпиадаға жеке жоспар бойынша дайындалады. Яғни, әр спорт түрінің ерекшелігін, спортшының қажеттілігін, физиотерапияны, жарақаттарды оңалту мен алдын алуды, психологиялық қолдауды және спортшыларды жарысқа дайындалуда стрессті басқаруға көмектесуді қоса алғанда, медициналық-биологиялық қамтамасыз етуді ескере отырып жасалады. Айта кету керек, спортшыларды даярлау күнтізбесін қалыптастыру тәсілдері мен қағидаттары толығымен қайта қаралды, — деді Ермек Маржықпаев.
Еске сала кетсек, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтеді. Ал Францияның Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамызы аралығында болса, ХVІІ жазғы Паралимпиялық ойындар жалауын 28 тамыз 8 қыркүйектің аралығында желбіретеді.