Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев волейбол федерациясының басшыларымен және жаттықтырушылар штабымен кездесті. Жиында федерация өкілдері волейболдан ұлттық құрамалардың 2023 жылғы нәтижелерін қорытындылап, алдағы жарыстарға дайындық жоспарын таныстырды.
Қазақстанда волейбол бұқаралық спорт түрі ретінде кең қанат жайып келеді. Бүгінде еліміз бойынша 14 мың волейбол секциясы жұмыс істейді. Онда 600 мыңнан астам бала спорттың осы түрімен тұрақты шұғылданады.
Волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасы ең кейінгі ірі жарыста сүреңсіз өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Есесіне, жағажай волейболынан ел құрамасы үшінші орынға табан тіреді. Волейбол бойынша биылғы Париж Олимпиадасына жолдама беретін барлық іріктеу турнирі аяқталды.
Волейболшыларымыздың халықаралық аренада көрсетіп жүрген нәтижелері көңіл көншітпейді. Клубтар арасындағы біріншіліктерді есепке алмағанда, отандастарымыз бірнеше жылдан бері Азия чемпионаттарында жүлдегерлер қатарынан көріне алар емес. Ерлер арасындағы ұлттық құрамамыз соңғы рет 2017 жылы, әйелдер 2005 жылы күміс медаль жеңіп алған болатын. Біздің ел Парижде өтетін Олимпиялық ойындарға қатысу үшін әлемдік рейтингте ТОП-5 құраманың қатарына енуіміз керек еді. Алайда, қазіргі таңда әйелдер құрамасы әлемдік рейтингте 32-ші, ал ерлер құрамасы 59-орында тұр. Яғни, волейбол спорты бойынша бізде Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік жоқ деп айтуға болады, — деді Ермек Маржықпаев.
Өз кезегінде федерациясы өкілдері волейболдағы басты проблемалар туралы айтты. Солардың бірі – ұлттық команданың жас ерекшелігі. Қазіргі уақытта командада 30 жастан асқан спортшылар көп. Сондай-ақ спорт функционерлері еліміздегі Ұлттық лиганың деңгейінің төмен екенін, әлемдік деңгейге сәйкес келмейтінін айтты.
Жиында министр федерация басшылығына волейболмен шұғылданатын өңірлердің қатарын көбейтіп, оны кеңінен дәріптеуді, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық спорт ұйымдарындағы өкілдігін арттыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. Федерациядан жергілікті біріншіліктің деңгейін көтеру талап етілді. Сондай-ақ ведомство басшысы жас спортшыларды даярлауда жаңа тәсілдерді енгізу қажеттігін айтты.