Еркін күрес балуаны Азамат Дәулетбеков биылғы жылдың алғашқы әлемдік рейтингтік турнирінің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлады Күрес түрлері федерациясы.
Ол Хорватияның астанасы — Загреб қаласында күрес түрлерінен өткен Zagreb Open турнирінің алғашқы күнінде 86 келі салмақ дәрежесінде күміс медаль алды.
Азамат Дәулетбеков әуеліҮндістанның балуаны Депак Пунияны 6:2 есебімен жеңсе, екінші белдесуде Украина өкілі Валентин Бабиден айласын асырды.
Ширек финалда Грузияның спортшысы Евсем Швелидзеге еш мүмкіндік бермеді. Бұл белдесу 10:0 есебімен аяқталды. Жартылай финалда отандасымыз Израиль балуаны Филип Финесилберді де 10:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал финалда өкінішке қарай, Болгарияның намысын қорғайтын дағыстандық Магомед Рамазановтан 5:8 есебімен жеңілуге мәжбүр болды.
Бұл турнир 14 қаңтарға дейін болады. Онда балуандарға рейтингтік ұпайлар беріледі.
Zagreb Open халықаралық турнирінде балуандар грек-рим, еркін және әйелдер күресінен күш сынасады.
Қазақ елінің атынан Загребте жалауы көтерілген жарысқа еркін күрестен Азамат Дәулетбековтен (86 келі) басқа, әйелдер күресінен Ирина Казюлина (65 келі), Елена Шалыгина (68 келі) мен Эльмира Сыздықова (76 келі) рейтингтік ұпай алып көреді.
Азамат Дәулетбеков — еркін күрестен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионы, Қазақстан балуандары арасынан Париж Олимпиадасына жолдама алған әзірге жалғыз спортшы.