Түркияның ақпарат құралдарының хабарлауынша, «Адана Демирспор» футбол клубы Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысын сатып алуы мүмкін.
Telegram-дағы Sportqazaq арнасының мәліметіне қарағанда, футболшы бүгін түнде Түркияға жолға шықты. Ол Анадолы елінде медициналық тексерістен өтіп, келісімшартқа қол қоюы ықтимал.
Түркияда қысқы трансфер кезеңі 9 ақпанда жабылады. Сондықтан еш қиындықсыз үлгеруге болады, — делінген хабарламада.
«Ақтөбе» клубының басшылығы да Айымбетовті команда қатарында көргісі келеді. Бірақ, футболшы биылғы маусымнан бастап шетелде ойнағысы келеді екен. Сол үшін «Астана» клубымен Біріккен Араб Әмірліктеріне оқу-жаттығуға бармапты.
Еске салсақ, Абат Айымбетов «Ақтөбе» клубында 2012-2019 жылдары ойнаған. Одан кейін бір жыл Алматының «Қайрат» командасында доп теуіп, Ресейдің «Крылья Советов» жасағының жейдесінде алаңға шыққан. Ал 2021 жылдан бері ол «Астана» клубының намысын қорғап келеді.