Бокстан ұлттық құрама команданың боксшылары Болгарияның астанасы – София қаласында Странджа кубогы үшін болған халықаралық турнирде үш медаль жеңіп алды.
Финалда 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дулат Бекбауов үнді былғары қолғап иесі Раджатты жеңіп, кубоктың иегері атанды.
Әлем чемпионы Санжар Ташкенбай (51 кг) Үндістанның өкілі Амитке есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Ал Тұрсынбай Құлахмет (80 кг) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді. Ол жартылай финалда Қытай елінен келген қандасымыз Тоқтарбек Таңатханнан жеңіліп қалды.
Осылайша, елімізден бокс әлемінде кіші әлем чемпионаты саналатын турнирге қатысқан 10 боксшының арасынан үш спортшы жүлде алып қайтты. Былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов жалғыз өзі қара үзіп, жеңімпаз атанды.
Биылғы турнирге Санжар Ташкенбай (51 кг), Дәулет Молдашев (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Руслан Күзеубаева (60 кг), Ерасыл Таңқай (63,5 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Талғат Шәйкен (71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Тұрсынбай Құлахмет (80 кг) мен Абзал Кұттыбеков (92 кг) қатысты.
Странджа кубогында жалпыкомандалық есепте Өзбекстан боксшылары көш бастады. Олар 5 алтын, 2 күміс және 5 қола медальді жеңіп алды. Екінші орынға Үндістан былғары қолғап иелері ие болды. Бұл елдің спортшылары 2 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдені иеленді. Үшінші орынға 1 алтын, 4 күміс жүлде алған Болгарияның боксшылары шықты. Ал Украина 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен төртінші орынға табан тіреді. Бесінші орында – Қазақстан. Ұлттық құрама боксшыларының қоржынында 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль бар.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
View this post on Instagram