Биатлоннан Чехияның Нове-Место қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында ерлер құрамасы эстафета сайысында үздік ондыққа енді.
Бұл жарыста ел намысын Александр Мухин, Владислав Киреев, Әсет Дүйсенов пен Никита Акимов қорғады.
Жарыс алаңына алғаш болып Александр Мухин шықты. Ол барлық нысанаға дәл тигізіп, жеңімпаздан +0.9 секунд айырмашылықпен эстафетаны үздік үштіктің қатарында Владислав Киреевке тапсырды.
Владислав Киреев алғашқы жатып атуда үш рет, ал орнынан тұрып бірден барлық нысананы дәл көздеді. Ол эстафетаны Әсет Дүйсеновке үздік төрттіктің қатарында тапсырды.
Жарыс алаңына шыққан Әсет Дүйсенов бірінші айналымда екі оғы қиыс кетіп, қосымша оқпен барлық нысанаға дәл тигізсе, екінші айналымда да мергендік танытты. Дүйсеновтен кейін бәсекені алғаш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысқан Никита Акимов жалғастырды. Ол бірінші айналымда үш қосымша, екінші айналымда екі қосымша оқты пайдаланып, команданы үздік ондықтан түсірмеді.
Осылайша, жылдың басты старты өз мәресіне жетіп, биатлоннан ұлттық құрама алғаш рет әлем чемпионатында үздік ондыққа кірді, деп хабарлады Қазақстан биатлоншылар одағының баспасөз қызметі.