Ертең футболдан Қазақстан чемпионаты басталады. Премьер-лиганың биылғы маусымына 13 өңірден 14 клуб қатысады. Олар — «Ақсу», «Ақтөбе», «Астана», «Атырау», «Елімай», «Жеңіс», «Жетісу», «Қайрат», «Қайсар», «Қызылжар», «Ордабасы», «Тобыл», «Тұран» және «Шахтер».
Қазақстан чемпионаты 1 наурыз бен 10 қараша аралығында боалды. Мачтардың көбі дәстүрлі түрде демалыс күндерге жоспарланған.
Маусымның алғашқы ойыны еліміздің жеті дүркін чемпионы «Астана» мен 16 жылдан кейін Премьер-лигаға оралған «Жеңіс» арасында болады. Сөйтіп, чемпионаттың алғашқы ойыны астаналық дербиімен ашылады. Сонымен бірге бірінші турда ел чемпионы «Ордабасы» өз алаңында Қарағандының«Шахтер» клубымен кездеседі.
Былтыр қазан айында Шымкенттің командасы өз алаңында Кеншілер қаласының командасын жеңіп, тұңғыш рет ел чемпионы атағын жеңіп алған еді.
Премьер-лиганың матчтарын Qazsport, Qsport пен жаңа ашылған Qfootball телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Әзірше алғашқы алты турдағы ойындардың басталу уақыты белгілі, ал қалған турлардағы матчтардың басталу уақыты туралы ақпарат кейінірек жарияланады.
Еске сала кетсек, 1 наурыздан бастап елімізде бірыңғай уақыт белгіленеді. Ойындардың толық күнтізбесін Telegram-арнасында немесе qfl.kz сайтынан көруге болады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА