6-17 наурызда АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтетін турнирдің жеребесі тартылды.
Индиан-Уэллс WTA 1000 жарысын Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина екінші айналымнан бастап, рейтингіде 73-орындағы испаниялық Паула Бадосамен немесе америкалық Эшлин Крюгермен (№ 71) кездеседі. Бұл екі теннисші де турнирге арнайы шақырту алған.
Тағы бір теннисшіміз Юлия Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 76-ракеткасы, германиялық Тамара Корпачпен ойнайды. Қазір Путинцева ГФР спортшысынан үш саты төмен, яғни 79-орында тұр.
Былтыр Индиан-Уэллсте Рыбакина үздік шықса, Путинцева бірінші ойынында сүрінген еді.
Ерлер арасында Индиан-Уэллс мастерс турнирінде 20-ракетка болып тіркелген Александр Бублик те ойынын екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы әлемнің 33-ракеткасы, аустралиялық Джордан Томпсон немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының біреуі болады.
Әлемнің 51-ракеткасы Александр Шевченко алғашқы матчында рейтингіде өзінен екі саты жоғары тұрған германиялық Доминик Кёпфермен ойнайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА