• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Сали Сабиров

    Семсерлесушілер Олимпиада жолдамасын сарапқа салады

    22-24 наурыз күндері Грузияның Тбилиси қаласында шпагамен семсерлесуден Әлем кубогы кезеңі болады. Онда әлемнің 60-тан астам елінен жиналған спортшылар рейтингілік ұпай мен Париж Олимпиадасының жолдамасы үшін бақ сынайды, деп хабарлады olympic.kz.

    Бұл турнирде Руслан Курбанов пен Эльмир Әлімжанов бастаған құрама тарихта тұңғыш рет командалық сында лицензия жеңіп алуы мүмкін. Әлем кубогына Қазақстан сапынан 12 спортшы қатысады.

    Олар — Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов, Алексей Касаткин, Богдан Лукин, Кирилл Павлов, Кирилл Проходов, Александр Савин, Георгий Тинников, Никита Жулинский.

    22-23 наурыз күндері шпагадан жекелей сындағы жеңімпаздар анықталса, 24 наурызда командалық жарыстан Олимпиада жолдамасының тағдыры шешіледі.

    Семсерлесуден мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасовтың айтуынша, тарихи нәтижеге жету үшін қазір команда мүшелері тынбай дайындалып жатыр.

    Жолдаманың тағдыры шешілетін күн жақын. Біздің команданың лицензия алатын мүмкіндігі көп. Басты қарсыласымыз Оңтүстік Кореядан 26 ұпайымыз артық. Қазақстан шпагашылары Париж Олимпиадасының жолдамасын иелену үшін Тбилисиде Оңтүстік Корея командасы алтын медаль алмауы керек. Спортта болжам жасау өте қиын. Сондықтан алдын ала тон пішпей, жігіттердің шеберлігі мен тәжірибесіне сеніп, сәттілік серік болсын дегім келеді. Өйткені, спортта баптан бөлек, бақтың да рөлі үлкен. Егер сәтін салып, осы жолдамаға иелік ететін болсақ, бұл Қазақтан үшін тарихи лицензия болады. Бүгінге дейін семсерлесуден Қазақстан құрамасы толық құрамда Олимпиадаға қатысып көрмеген, — деді Тимур Байтасов olympic.kz-ке берген сұхбатында.

    Қазір Қазақстан командасы Грузияда оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Құрамадағы 12 спортшының ішінен төрт спортшы жолдамаға таласады. Олар — Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов төрттігі.

    Құраманың ардагер спортшысы Эльмир Әлімжанов командалық жарысқа түбегейлі дайындалу үшін жекелей сыннан бас тартып отыр. Бұл лицензияның біз үшін қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ аңғарсаңыздар болады. Эльмир бар күшін командалық сынға сақтап, қалпына келіп, артық күш жұмсамау үшін осындай қадамға барды. Ал қалған спортшылардың барлығы жекелей сында өнер көрсетеді, — деді жаттықтырушы.

    Егер Тбилисидегі Әлем кубогы кезеңінде спортшылар сәтті өнер көрсетіп, жолдаманы жеңіп алса, Қазақстанға Париж Олимпиадасының төрт жолдамасы беріледі. Оның үшеуі жекелей сынға, біреуі тұтас командаға табыс етіледі.

    Грузиядағы Әлем кубогы кезеңінде шпагамен семсерлесуден Қазақстан командасы Азия құрлығындағы жалғыз жолдамаға таласады. Әлемдік ұйым қағидасы бойынша, олимпиадалық рейтингте алғашқы төрт орында тұрған командалар автоматты түрде Олимпиадаға қатысады. Ал қалған құрамалары құрлыққа бөлінетін бір жолдаманы сарапқа салады.

    Қазіргі кезеңде Қазақстан командасы олимпиадалық рейтингте бесінші орында тұр. Соңғы рет Қазақстан командасы Оңтүстік Кореямен Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында кездесіп, ірі есеппен жеңген болатын.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *