Еліміздің бірінші және әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Майами штатында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Қазақстанның көшбасшы теннисшісі ширек финалда әлемнің 9-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен сынға түсті.
Қарсыластар осыған дейін өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде Рыбакина жеңген еді.
Бұл жолы бірінші партияда Елена Рыбакина 4:2 есебімен алға шыққанымен, Мария Саккари ізінше брейк жасады. Дегенмен Қазақстан теннисші тағы бір брейкпен түйіндеді. Есеп — 7:5.
Екінші сетте керісінше Саккари 3:1 есебімен алға шықты. Дегенмен Рыбакина таразы басын теңестіре алды. Есеп — 4:4. Содан кейін есеп 5:4 болып, қарсыласы доп бергенде, екі бірдей матчболды мүлт жіберді. Тай-брейкте Саккари сәтті ойнады. Ол Рыбакинаны 7:6 (7:4) есебімен жеңді.
Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болған кезде Қазақстан теннисшісі брейк жасай білді. Содан кейін өзі доп бергенде, бесінші матчболын пайдаланды. Есеп — 6:4.
Енді Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 32-ракеткасы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен кездеседі. Ол ширек финалда Юлия Путинцевадан басым түсті.