Туризм және спорт министрлігі мемлекет тарапынан биылғы жазғы Олимпиялық ойындарда чемпион атанған және жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына берілетін сыйақыны жариялады.
Олимпиаданың чемпионы мен жүлдегеріне және олардың жаттықтырушыларына тағайындалған сыйақы былтыр Мәдениет және спорт министрінің бұйрығына сәйкес, табыс етіледі. Яғни Олимпиада чемпионы мен оның жаттықтырушысы 250 мың АҚШ долларын, күміс жүлдегер 150 мың доллар , қола медалист 75 мың доллар алса, төртінгі орын алған спортшыға 30 мың доллар, бесінші орынды иеленген отандасымызға 10 мың доллар, алтыншы орыннан көрінген саңлаққа 5 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тапсырылады.
Сонымен бірге күміс медалистің жаттықтырушысына да 150 мың доллар берілсе, қола жүлдегердің бапкері де спортшы сияқты 75 мың доллар алады. Төртінші, бесінші және алтыншы орын алған спортшының жаттықтырушылары да тиісінше 30 мың, 15 мың, 5 мың доллармен марапатталады.
Бұған дейін хабарланғандай, Бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп Рамазан айының құрметіне берілген ауызашарда Олимпиадада чемпионы атанған боксшы мен жүлдегерге және олардың жаттықтырушыларына берілетін сыйақының көлемін жариялаған болатын. Федерация президенті Олимпиада чемпионына 220 мың, күміс жүлдегерге 120 мың, қола медалиске 70 мың, 4-орын алған боксшыға 30 мың және 5-орыннан көрінген боксшыға 10 мың доллар көлемінде сыйақы берілетінін, бас жаттықтырушы мен жаттықтырушылар алқасы орын алған боксшы сыйақысының 30 пайызына пара-пар қаржылай сыйақы алатынын айтты.
Олимпиада медальдары туралы айта кетсек, биылғы жүлденің басқалардан басты айырмашылығы – медаль ортасында Эйфель мұнарасы бейнеленген.
Осы бір алтын, күміс және қола жүлденің ең басты құнды бөлігі – Эйфель мұнарасымен ұштастыру үшін үлкен жұмыс атқарылды, — делінген Халықаралық Олимпиада комитетінің сайтында.
Жалпы есебі 5084 медаль шығарылды. Оның әр қайсысында 18 грамм Эйфель мұнарасы бар.
Париждегі жазғы Олимпиялық ойындар 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.