Қырғызстанның астанасы — Бішкекте Олимпиада жолдамасы үшін еркін күрестен өтіп жатқан Азия құрлығының лицензиялық турнирінде 97 келі салмақта сынға түсіп, жолдама алған Әлішер Ерғалидан кейін ауыр салмақтағы (125 кг) Юсуп Батырмурзаев та Олимпиаданың жолдамасын жеңіп алды.
Аса ауыр салмақтағы балуанымыз Бахрейн өкілі Шамиль Магомедовты тізе бүктіріп, екінші рет Олимпиялық ойындарға баруға мүмкіндікке ие болды. Бұған дейін ол ширек финалда Юсуп Батырмурзаев қырғызстандық Ааял Лазаревті жеңген болатын.
Өкінішке қарай, жолдамаға таласқан Нұрқожа Қайпановтың (74 кг) жолы болмады. Ол шешуші белдесуде ирандық балуанға қауқар таныта алмады. Сол секілді Ерасыл Мұхтарұлы (57 кг) пен Маис Алиев (65 кг) жолдамадан қағылды.
Осымен еркін күрестен ұлттық құраманың еншісінде үш лицензия болды. Алғашқысын былтыр Белградтағы әлем чемпионатында Азамат Дәулетбеков (86 кг) иеленген.
Шамкен БАЙЫРБЕК,
АСТАНА
View this post on Instagram