• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Асық ату федерациясы

    Астанада неміс қызы балаларға асық үйретеді

    Қазақтың ұлттық ойыны Асық ату мен бес асықпен айналысып, жүлдегерлер қатарынан табылып жүрген өзге ұлт өкілдері арамызда көптеп саналады.Әсіресе, Асық ату спортымен шұғылданатын өзге ұлт өкілдері Қостанай облысында өте көп. Олардың арасында Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін күміс жүлдегерлері Милана Ярмоленко, Екатерина Тесленко, Анастасия Трофимова сияқты орыс қыздарын, Виолетта Мельниченко, Варвара Чумак, Василиса Лихопий сияқты украин қыздарын, Райхан Мустафина деген башқұрт қызын, екі мәрте Қазақстан чемпионы Анжела Поливцева деген орыс қызын және басқаларын атап өтуге болады. Бұлардан бөлек Қостанай облысының намысын қорғап жүрген беларусь, өзбек, орыс ұлтының өкілдері баршылық.

    Сонымен қатар Астана қаласындағы «Алақай» балабақшасының тәрбиешісі, неміс қызы Олеся Пфафенгут та 13 жасынан бері бес асықпен айналысып, көптеген жетістіктерді бағындырып үлгіріпті. Бүгін Олеся Евгенийқызын мерекемен құттықтап, аз-кем тілдесіп қайттық.

    — Олеся бес асықпен қай кезден бері шұғылданасың?

    —  Мен Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Мәншүк ауылында туып-өстім. Мектеп қабырғасында жүргенде 13 жасымда бесасықпен шұғылдана бастадым. Алғашқы бапкерім – Дүйсенбай Қожамжар. Ойынды алғаш көргенде бірден ұнады. Қазір болашағымды асықсыз елестете алмаймын.

    — Жеткен жетістеріңді айтып берсең?

    —  Бес асықпен айналысып жүргеннен бері біраз жетістікке жеттім. Оның ішінде бірнеше рет Ақмола облысының чемпионы және жүлдегері атандым. Астана қаласының ашық чемпионаты мен «Құлагер» Спартакиадасында қола жүлде алсам, «Астана алтын сақасы» турнирінде күміспен күптелдім. Бес асықтан спорт шеберлігіне үміткермін.

    — Әлі асық ойнайсың ғой?

    — Әрине, бүгінде Астана қаласына қоныс аударып, осы жердегі «Алақай» балабақшасында қызмет етемін. Асықтан өтетін жарыстарға үнемі қатысамын.

    Балабақша бүлдіршіндеріне де бар білгенімді үйретіп жүрген жайым бар. Мақсатым – бес асықтан Қазақстан чемпионы атанып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау.

    Өзім қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетіне оң көзқараспен қараймын.  Менің асық ату спортына келуімнің өзі де қазақ халқына деген құрметтен туған секілді. Қазақстан секілді тамаша елде тұрып жатқаныма өзімді бақытты санаймын. Бүгінгі Қазақстан халықтарының бірлігі күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

    — Рахмет, Олеся. Саған да мереке құтты болсын! Ұлттық ойынымызды дамытуға өз үлесіңді қоса бер.

     

    Әңгімелескен Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *