Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Дэвис кубогы Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Қазақстан құрамасы А тобында Өзбекстан құрамасын 3:0, Малайзияны 3:0 есебімен жеңді.
Алдымен Даниэль Тазабеков 46 минутқа созылған матчта Абибке бірде-бір гейм берген жоқ. Ойын 6:0, 6:0 есебімен аяқталды.
Заңғар Нұрланұлы Деваштан да 6:1, 6:0 есебімен айласын асырды.
Жұптық сында Д. Тазабеков пен Дамир Жалғасбай қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Есеп — 6:0, 6:2.
Бүгін Сергей Квак жасақтаған жасөсіпірімдер құрамасы Қытай командасымен ойнап, жеңіске жетті.
Қытайлықтар да ширек финалға мерзімінен бұрын жолдама алған болатын. Қазақстан А тобынан ширек финалға бірінші орынмен шықты.