Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) бейнеқайталау ережесін өзгерту жөнінде ұсыныс жасады. Бұл жаттықтырушылардың даулы сәттер бойынша бейнежазбаны көруді талап етуіне мүмкіндік береді, деп хабарлады ҚазАқпарат.
FIFA президенті Джанни Инфантино мұндай ұсынысты 2024 жылдың 17 мамырында Таиландтың астанасы — Бангкок қаласында өткен FIFA-ның 74-конгресінде білдірді.
Егер жаңашыл жоба сәтті жүзеге асса, жаңа ереже әлем бойынша енгізілетін болады. Кейінгі жылдарда футбол мамандары ойынға байланысты жаңашылдыққа көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта ондаған жылдар бойы ешқандай өзгеріс жасалмаған еді.
Федерация көктемнен бастап бейнеқайталаудың жаңа жүйесіне қатысты ережелерді жасөспірімдер арасындағы турнирлерде сынақтан өткізе бастады. Командалардың бас бапкерлері ойын барысында екі мәрте бейнеқайталау бойынша төрешіге ұсыныс білдіре алады.
Әрбір жаттықтырушы матч кезінде екі мәрте бейнеқайталауды көру жөнінде талап ете алады. Бас төрешінің шешімі қате болған жағдайда ойыншылар бапкерге ол жөнінде ұсынысын айтады. Егер төреші нақты сәттер бойынша өзінің бірінші шешіміне өзгеріс енгізген жағдайда онда бапкердің матч барысындағы екі мәрте бейнеқайталау көру жөнінде талап қою мүмкіндігі сақталып қалады, — деді Джанни Инфантино.
Федерация көктемде біршама пікірталасқа түскен тағы бір жаңашыл жобаны сынақтан өткізуді бастап кетті. Жақын арада футболда ойыннан тыс қалу немесе офсайд жағдайы бойынша ереже өзгеруі мүмкін.
Жаңа ережеге сәйкес, егер шабуылдаушының бүкіл денесі қорғаушыдан алда тұрса, офсайд ережесі қолданылады. Қазіргі уақытта ойыннан тыс қалу жағдайы егер шабуылшы қорғаушыдан бір миллиметрге озып кетсе де белгіленеді. Енді жаңа ереже негізінде дененің гол соғуға болатын бөлігіне ғана қатысты қолданылады. Сондықтан ол бойынша ережеде қол алынып тасталады.
«Арсеналдың» бұрынғы бас жаттықтырушысы Арсен Венгер клубтан қызметтен кеткеннен кейін FIFA-ның футболды дамыту департаментіне басшылыққа тағайындалды. Ол бірнеше жылдан бері офсайд ережесін өзгерту бойынша оң нәтижеге қол жеткізіп келеді. Офсайдтың қайта қаралған анықтамасы шабуылдаушы ойыншыларға айтарлықтай пайда әкеледі.
Венгердің ұсынысы қарапайым, «егер сіздің мұрныңыз офсайдта болса, онда сіздің бүкіл дене офсайдта» деген ұғымды жоққа шығарады.
Ол егер гол соғуы мүмкін дененің бір бөлігі соңғы қорғаушының сызығында немесе артында болса, футболшы ойыннан тыс қалмайды деген жаңа модификацияны ұсынады. Футболшының бүкіл денесі доп пен екінші қарсыласқа қарағанда қарсыластың қақпа сызығына жақын болса ойыннан тыс қалды деп есептеледі.
Офсайд бойынша жаңа ереже 2025 жылдың ақпан айында ресми түрде қабылдануы мүмкін. Бұл жағдайда FIFA жаңартылған ережені 2025-26 маусымнан бастап жоғары лигаларға және сол уақыттағы әлем чемпионатына енгізуге ұсына алады.