Ақмола облысындағы Бурабай курортты аймағында триатлоннан Азия кубогы мен Орталық Азия чемпионаты аяқталды.
Биылғы жарысқа 12 елден барлығы элита санатында 37 атлет (ерлер — 29, әйелдер — 8) қатысты.
Спортшылар 3 сағатқа жуық уақытта 750 метр қашықтықты жүзіп өтіп, 40 шақырымды велосипедпен артқа тастады. Оған қоса 10 шақырым жолды жүгірді.
Азия кубогының нәтижесінде отандасымыз Дарын Қонысбаев төртінші сатыға жайғасса, Александр Тен алтыншы, Арлан Жаңабай жетінші, Егор Крупяков тоғызыншы, Аян Бейсенбаев он бірінші, Максим Шмулич он екінші, Мейірлан Ысқақов он төртінші, Әлихан Әбусейіт он жетінші, Әнуар Тұрыбаев он сегізінші, Данил Породнов жиырма бірінші және Әбілхайыр Тіржанов жиырма екінші орынға орналасты.
Жеңіс тұғырынан Германияның өкілі Янне Бюттель көрінсе, күміс медаль ирландиялық Расселл Уайтқа бұйырды. Қола жүлдеге гонконгтық Шинг Хим Ю ие болды.
Әйелдер арасында отандасымыз Екатерина Шабалина төртінші, Юля Озерова алтыншы, Милена Саприна жетінші, ал Надежда Бекмағанбетова сегізінші орынды қанағат тұтты.
Алтын жүлдені ирландиялық Элизабет Карр, күміс медальді гонконгтық Бэйли Браун, ал үшінші орынды өзбекстандық Алинам Хакимова жеңіп алды.
Старт оңай болған жоқ. Мықты бәсекелестікке қарамастан, спортшыларымыз барын салды. Келесі жолы тыңғылықты дайындалып, қателіктермен жұмыс істейтін боламыз, — деді Триатлон федерациясының бірінші вице-президенті Юрий Соловьев.
Айта кетейік, жарыс- триатлоншыларға 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиялық ойындарға қатысу үшін қажетті ұпайларды әкелетін соңғы рейтингтік жарыстардың бірі. Атап айтсақ, бірінші орынға 200, екінші орынға 185, үшінші орынға 170 ұпай беріледі.
Орталық Азия чемпионатының қорытындысында бас жүлдені ерлер арасында Дарын Қонысбаев иеленсе, Александр Тен екінші, Арлан Жаңабай үшінші болды.
Әйелдер арасында өзбекстандық Алина Хакимова алтыннан алқа тақты. Қалған жүлдені Екатерина Шабалина мен Юля Озерова өзара бөлісті.
Азия кубогы мен Орталық Азия чемпионаты «Айнакөл» қонақүйінің жанында болды.
Жазира НҰРТАЕВА,
Ақмола облысы, Бурабай