Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған бокстан өткен халықаралық турнирдің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Халықаралық турнирге Армения, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстаннан келген 150 былғары қолғап шебері қатысты.
Кеңес Одағының Батыры, № 1 Халық қаһарманы, Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған турнирді Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті ұйымдастырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Қорғаныс министрлігінің Аппарат басшысы полковник Русланбек Бекжігітов пен Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов қатысты.
Бұл Қазақстанның Қарулы күштерін құрудың бастауында тұрған және бар өмірін Отанға адал қызмет етуге арнаған аты аңызға айналған әскери қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетовтің құрметіне арналған 27-турнир. Сендердің спорттағы жолдарың да құрметке лайық. Шынында спорттағы жетістіктер – бұл тынымсыз жаттығулардың, орасан зор еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Алар асуларың көп болсын. Биік белестер мен жаңа жеңістер тілеймін, – деді Русланбек Бекжігітов.
Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов атап өткендей, мұндай жарыстарда еліміздің ең мықты боксшылары іріктеледі, шеберлік шыңдалып, тәжірибе жинақталады.
Жарыстың соңғы күні ерекше тартысты әрі әсерлі өтті. Төрешілік те әділ болды. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Спортшыларды қолдаған барлық қонақтар мен көрермендерге алғысымды білдіргім келеді, – деді Орталық спорт клубының бастығы.
Спортшылардың өнерлері 13 салмақ дәрежесі бойынша бағаланды. Жекелей есепте жеңімпаздар келесі салмақтар бойынша анықталды: 48 келіге дейінгі салмақта – Нұрзат Оңғаров (Жамбыл облысы), 51 келіге дейін – Сүлеймен Төлепберген (Шымкент қ.), 54 келіге дейін – Ақылтай Рабатов (Алматы облысы), 57 келіге дейін – Бағлан Кенжебеков (Жамбыл облысы), 60 келіге дейін – Акмал Убайдов (Тәжікстан), 63,5 келіге дейін – Омар Ливаза (Қырғызстан), 67 келіге дейін – Накобкохан Харутун (Армения), 71 келіге дейін – Амангелді Нұржан (Жамбыл облысы), 75 келіге дейін – Фарух Тоқтасынов (ОСК), 80 келіге дейін – Нұрсұлтан Бейсембаев (Алматы облысы), 86 келіге дейін – Еркебұлан Әкімбай (Алматы облысы), 92 келіге дейін – Парвиз Кәрімов (Тәжікстан) және 92 келіден жоғары – Нұрсұлтан Аманжолов (Жамбыл облысы).