• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қарт құрлықты қызықтырған қазақ күресі

    Қазақ күресінен Сербияның Зренянин қаласында өткен IV Еуропа чемпионатында кәрі құрлықтың 17 елінен келген палуандар үш күн бойы жеңіс  үшін жан аямай тартысқа түсті. Әсіресе, Болгария, Словения және Сербия мемлекеттерінің спортшылары таңғалдырды. Олар үш күн, үш түн жиылмай керіліп жатқан кілемнің шаңын қағып, қазақ күресінің қыры мен сырын жақсы үйреніп алғандарын көрсетті.

    Аламан жарыстың басталар күні төрешілермен семинар-кеңес болып өтті. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы және Біріккен күрес әлемінің  ұйымдастырумен өткен Еуропа чемпионатында ерлер 6 салмақта және әйелдер де 6 салмақ дәрежелері бойынша  төл күресімізден сынға түсуге дайындықтарын бастап кетті.

    Бүгінгі күні Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының өрелі еңбегінің нәтижесінде әлемнің 5 құрлығының 30-дан астам мемлекетінде  төл күресімізден федерациялар ашылған.  Ата күресімізден 7 әлем, 11 Азия чемпионаттары, 3 Әлем кубогы және 4 рет Еуропа чемпионаты ұйымдастырылып,  қазақ күресі  жыл сайын даму үстінде. Қазақ күресінің осындай қарқын ала бастағаны туралы  Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының  бірінші вице-президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор, ұлттық күресіміздің жанашыры  Серік Адамұлы  Түкеев мырза да үнемі айтып келеді. Осы жарыстың алдында ол тағы да төл күресіміз туралы айта келіп, оның Еуропада дамытудың мәні мен маңызы туралы пікірін білдірді.

    –Біздің мақсатымыз қазақ күресін таеквандо, дзюдо сияқты әлемнің әр түкпіріне кеңінен  таратып, дамытуымыз керек. Еуропа елдерінің қазақ күресіне деген қызығушылығының арта түсуі, шет мемлекеттерде ұлттық күресімізден федерацияларды құрып, ашып қана қоя салмай,  олардың табанды жұмыс жасауын қадағалап, қолдау жасап отыруымыз керек – деген президентіміз Ислам Әлмақанұлы Әбішевтің жүйелі жұмысының жемісі – деді ол.

    Расымен де  осыдан 20-30 жыл бұрын қазақ күресінің Еуропа ареналарында  атой саларын біліп, болжау тек сөз жүзінде болса, енді Алаштың арманы біртіндеп орындалып келе жатқандығына қуанбасқа болмас.

    Сонымен, Сербияда жалауын көтергелі отырған байрақты жарыс алдында әрбір елден келген бапкерлер мен төрешілердің басқосуы мен алқалы отырысы өтіп,  жарыстың жақсы өтуі туралы пікір айтысып, пысықталды. Бұл семинар кеңесті жүргізген  Азия құрлығының қазақ күресі федерациясының бас хатшысы,  халықаралық дәрежедегі төреші Рафаэль Хабиров  төрешілерге төл күресіміздің ережерелрі туралы дайындаған бейне баянды көрсетіп, түсіндіріп берді. Ия, әрбір өткен үлкен жарыстарда қазылық ететін төрешілердің біліктілігі жоғары болуы өте маңызды. Өйткені,  ата күресіміз туралы Дүниежүзілік қазақ күресі федерацмясының бектіп, оны Біріккен күрес әлемі мойындап көп жылдан бері іске асырылып келе жатқан  негізгі ережеміздің халықарлық деңгейді дұрыс қолдануы бозкілемде төрелік етушілерге тікелей байланысты.

    Сондықтан да темірдей тәртіп арқылы қалыптасқан қазақ күресі ережесін дұрыс қолдануда төрешілерге артылар сынның жүгі ауыр. Семинар-кеңестің барысында қазақ күресінің ұлттық  дәстүрлі ат әбзелдерінің бірі қамшының да   төреші қолында атқарар қызметі сөз етілді. Әрине, қамшы егер бозкілемнің шетінде тұрған палуанның бапкері, төрешінің шешіміне көңілі толмаған жағдайда көтеретіндігі белгілі. Сол себептен Азия құрлығының қазақ күресі федерацясының бас хатшысы,  халықаралық  дәрежедегі төреші Рафаэль Хабиров осы мәселеге де ерекше тоқталып өтіп, төрелік еткенде қаперде ұстауларына назар аударды. Сонымен, қазақ күресіміздің ережелері жіптей тізіліп айтылып, төрешілер өздеріне қажетті ақпаратты толықтай ала білді. Енді осы семинар-кеңестен  ойларына түйіп алғандарын байрақты сында еш қатесіз  қолдану үшін қола алысып тарқасты.

    Сонымен қазақ күресінен Сербияның Зренянин қаласында жалауын көтерген  Еуропа чемпионатының ерлер арасындағы жекпе-жектері басталып та кетті. Дзюдо, самбо күрестерінен әлем, Еуропа жарыстарында топ жарып жүрген әр елдің майталман мақтаныштарының басын қосқан байрақты сын тартысты айқастарға толы өтіп, күн бата  топжарған палуандардың жаңа есімдері де  анықталды.

    Алғашқы белдесулерден бастап-ақ, Ресей мен Словакия мемлекеттерінің спортшылары бас жүлделерден үмітті екендерін шебер көрсете білді. Енді  бес салмақ және абсолюттік ауыр салмақ дәрежелері бойынша жеңіс тұғырына көтерілген жеңімпаз палуандардың есімдерін айтсақ. 70 кг салмақта сербиялық Никола Галич, 80 кг салмақта  израильдық  Дима Капинчук, 90 және 100 кг салмақтарда Ресейдің Қарашай-Черкес аймағының палуаны Рамазан Тота мен  Андрей Гусаров, +100 кг және түйе палуандар арасындағы финалдық жекпе-жекте словакиялық Мартин Аната чемпион атанып қошеметке ие болды.

    Осылайша қазақ күресінен кезекті Еуропа аламанының алғашқы күні ерлер үшін осындай жекпе-жектермен аяқталды. Жарыстың кезекті күнінде бозкілем төріне әйелдер алты салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Әйелдер жекпе-жегі ерлерден асып түспесе кем түскен жоқ. Өйткені, еуропалық бұрымдылардың көпшілігі жеңіске деген жігер танытып, жекпе-жектерін тартысты әрі қызықты өткізді. Жарыс көрігі қызып жатқанда әлемдік деңгейдегі құтты қонақ, Біріккен күрес әлемі (UWW) президенті Ненанд Лаловичтің арнайы ат басын бұрып келуі  жарыс мәртебесін өсіріп тасағандай болды.

    Ораза айындағы  сәті түскен кездесуді жіберіп алмау үшін, әлем күресінің басшысына жақындап, сұхбат алған едік.

    Аса қадірлі Ненанд Лалович мырза, жарысқа арнайы келіп, қазақ күресін тамашалғаныңызға қуаныштымыз. Қазіргі таңдағы қазақ күресінің дамуына қандай баға бере аласыз?

     -Қазақ күресінің әйелдер арасындағы жекпе-жектерін  қарап отырып, бұл күресті еуропалықтардың жылдам игеріп алып қана қоймай, әдіс-айлаларын әсерлі көрсете білгендеріне ерекше таңғалып отырмын. Соған қарағанда қазақ күресінің өсу қарқыны жаман емес  және бұл күрестің әлем халқы үйреніп алып кететіндей күрес болатындығын айтқым келеді.

    Бүгінгі таңда Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының  екпінді еңбегінің арқасында  әлемдік, еуропалық, азиялық  жарыстар үзбей  ұйымдастырылып келеді. Жалпы, қазақ күресінің Олимпада асуына жету мүмкіндігін  айта аласыз ба ?

    -Әрине, алға мақсат қойып армандай білудің өзі жақсы қасиет деп білемін. Біздің Біріккен күрес әлеміне  (UWW) Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының  толықтай мүшесі болып  кіргелі бері қазақ күресі жақсы жолмен дамып келеді. Ал, Олимпиада бағдарламасына енуіне әрине әлі ерте, дегенмен де дәл осындай талпынысқа толы табысты жұмыстар арқылы жақсы жетістіктерге жетуіне  қазақ күресінің мүмкіндігі зор деп ойлаймын.

    «Cабыр түбі сары алтын» демекші, сабыр етсек, Біріккен күрес әлемі  (UWW) президенті Ненад Лалович мырзаның айтқанындай, ол бір ақ түйенің қарны жарылатын  күнді болашақта Алла нәсіп етер. Ал, енді әйелдер арасында өткен тартысты сындарда озып алға шыққан чемпиондардың есімдерін таныстыра өтсек. Әйелдер арасындағы 6 салмақта өткен финалда Болгария, Армения, Грузия, Эстония, Латвия елдерінің қыздары өзгелерден көш бойы алда өнер көрсетті. Сонымен,  55 кг салмақта болгариялық спортшы Галия Иванова армян қызы Сосе Баласанянды алып ұрып жеңімпаз атанса, 60 кг салмақта тағы бір болгар Магдалена Варбанова эстониялық Виктория Зубкованы жеңіп, Еуропа чемпионатының алтын жүлдесіне ие болды. 65 кг салмақта да бас жүлде словакиялық Магдалена Музикованы айқын басымдылықпен жеңген болгариялық Изабель Христованың үлесіне кетті. 70 кг салмақта беларусь қызы Алина Бабицкаяны  жеңген латвиялық Ренальда Гедутите команда қоржынына алғашқы  алтын медалін салып берсе,  +70 кг-ден  жоғары салмақтағы  финалдық жекпе-жекте грузин қызы Елена Кебадзе болгариялық Мария Оряшкованы ұтып, чемпиондық тұғырға көтерілді. Түйе салмақтағы палуан қыздар арасында жекпе-жекте де  сол болгар мен грузин қызы қайта кездесті. Бұл жолы Болгарияның өкілі Мария Оряшкова грузин қызынан есесін қайтарып, Еуропа чемпионы атағын иеленді.   Осылайша қазақ күресінен Сербияның Зренянин қаласында өткен  Еуропа чемпионаты жоғары деңгейде аяқталып, төл күресімізден тағы бір байрақты сын тарих қойнауына өтіп кетті.

    Аламан жарысқа арнайы келіп, басынан аяғына дейін болған Халықаралық Біріккен күрес  түрлері федерациясының, бүкіләлемдік белбеулі күрес комитетінің президенті Гинтаутас Вилейта жарыс соңында берген сұхбатында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының төл күресіміздің әлемге таралуына орасан жұмыс жасап жатқандығын тілге тиек етіп, қазақ күресінің биыл Индонезияның Жакарта қаласында  өтетін Тынық мұхит елдерінің ойындарында көрсету бағдарламасына кіріп қалуы әбден мүмкін екендігін айтты.  «Көрінген таудың алыстығы жоқ», демекші, алда Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының жылтізбегінде көптеген әлемдік деңгейдегі жарыстар күтіп тұр. Барлық дүбірлі жарыстар ата күресімізді әлем аренасына шығара отырып, өзіміздің ана тілімізді де насихаттаудың да бір жолы. Ендеше, қазақ күресін әлемнің әр түкпірінде өтетін аламан жекпе-жектерде «баста», «тоқта» деген ана тіліміздегі тіркестерді көптеп айтуға мүмкіндік ашылады деген сөз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

    Зренянин (Сербия) – Мәскеу (Ресей) – Астана – Алматы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *