Теннистен Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин Билли Джин Кинг кубогы аясында Астанада Кореямен екі күндік плей-офф матчын қорытындылады, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Өз елімізде Корея құрамасын жеңіп, онда барлық қыздарымыздың өнер көрсеткеніне өте қуаныштымын. Зарина ұзақ үзілістен кейін тамаша ойнады. Бұл оған күш қосады деп ойлаймын. Жұптық бәсекеде жеңіліп қалғанына қарамастан, команда мықты ойын өрнегін көрсетті.
Екі күн бойы Beeline Arena теннис орталығын толтырған жанкүйерлерге жеке алғысымды айтқым келеді. Адамдардың теннис қарап, команданы қолдағанын көрдік. Қыздарымыздың жанкүйерлерге осыншама көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанына, әрине, ризамыз, — деді Щукин.
Еске сала кетейік, Билли Джин Кинг кубогының плей-офф матчында Қазақстан құрамасы Корея Республикасын 3:1 есебімен жеңді. Командаға Зарина Дияс, Елена Рыбакина және Юлия Путинцева жеңіс ұпайларын әперді. Ештеңені шешпеген соңғы жұптық сында ғана Анна Данилина мен Жібек Құламбаева Ким Дабин мен Ку Ен Вуға 3:6, 6:4, 7:10 есебімен есе жіберді.
Командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңі 2025 жылы сәуірде өтеді. Жеребе осы айдың аяғында болады.