Негізі, денсаулықтың қадірін тек ауырғанда ғана біліп жатамыз. Иә, ол біздің пенде болған соң басқа түспей ешнәрсенің қадірін білмей жататын кемшілігіміз болса керек. Дегенменде «Ауру айтып келмейді», деген қанатты сөз бар.
Арамызда қаншама түрлі кеселдерге душар болған мейірімді, қайырымды, жаны таза асыл жандар жүргенін көреміз. Көреміз де Аллаға тәубе келтіруді ұмытпаймыз. Хадисте: «Нағыз күшті – жауырыны жерге тимеген, қарсыласын күресіп жыққан емес, тұла – бойын ашу-ыза, қайғы-мұң кернегенде, өзін-өзі сабырға шақыра білген адам», деген сөз бар. Түрлі дерттермен ауырып, көз жанары көруден, құлағы естуден айырылып қалған мүгедек жандардың, ауруға бойсынып жеңіліп ырқына көнбей, керісінше қарсы тұрып өмір сүруге деген құлшыныстарын сабырды ту етіп спорт арқылы жарқын көрсеткен ерліктеріне қарап риза боласың. Өйткені, ауруды күресе білгенде ғана жеңе аламыз. Сондықтан денсаулықты жақсартуда спорттың берер пайдасы орасан.
Жақында Алматы маңындағы Өтеген кентінде көру, есту қабілеті төмен жандар арасында бадминтоннан Қазақстан кубогы үшін республикалық жарыс болып өтті.
Айтулы бәсекеге Алматы қаласы, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, БҚО және Маңғыстау облыстарынан командалар келіп қатысып, жеңіс жолында барынша күш сынасты. Негізі, бас жүлдені жеңіп алу әрине, алға қойған мақсаттың бірі шығар, десек те зағип жандардың әуелгі арманы денсаулық екені баршаға белгілі. «Дені саудың жаны сау», деген бар.
Жарыс алаңдарында кәдуілгі төрт мүшесі түгел жандай ойын шеберлігін көрсеткен жандардың өмірге, спортқа деген құлшыныстарын көріп ерекше күйде қалдық. Сонымен жалпы командалық бірінші орынды Алматы қаласы, күміс жүлдені Алматы облысы, қола жүлдені Қостанай облысының командалары иеленді.
Жарыстағы әр түрлі дәрежедегі жаттығулардың жекелей сындарында Д.Есбергенов, А.Айдарқызы, В.Ковальский және жұптық өнер көрсетуде Ақмолданова, Айдарқызы мен Волков пен Ақмолдановалар жарыс жеңімпазы атанды.
Спорттың бір құдіреті, осындай жарыстар арқылы қатысушылар дос тауып, ара-қатынастарын жақсарта түсетіні белгілі. Жарыс аяқталған соң спортшылар бір-бірлерімен жадыраған көңіл-күймен қимай қоштасып жатқандарын көзіміз шалды. Өмірлеріне үміт сыйлаған осындай жарыстар айтулы жандар үшін үлкен бір мереке іспеттес.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ