Тәуелсіздік күні қарсаңында «Almaty Resort» басшылығы мен қызметкерлері соғыс ардагерлеріне барды.
Балықбай Ысқақ жақында 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Ауыр жылдардың салдары болар, қарияның бүгінде жанары солып, құлағы естуден қалған. Есесіне ұрпағы — балалары мен немерелері оның жауынгерлік жолы туралы мақтанышпен әңгімеледі. Кеген ауданының тумасы Балықбай Ысқақ 115-атқыштар дивизиясының құрамында соғысып, Еуропаны азат етуге атсалысқан. Жеңіс күнін Австрияда қарсы алады. Соғыстан кейін ол Қиыр Шығыста қызмет етіп, өмірін құқық қорғау саласына арнайды. Ерлігі үшін III дәрежелі Даңқ орденімен және басқа да жауынгерлік наградалармен марапатталды. Батырдың ұрпақтары бүгінде оның Отан үшін жасаған ерлігін мақтан етіп, оны кейінгі жастарға үлгі етуде.
Любовь Николаевна Горковская 1925 жылы Луганск облысында туған. Қазір қарт ана өкінішке қпрай, төсекке таңылған. Бірақ оның көздерінен әлі де даналық пен күш-жігерді аңғаруға болады. Соғыс жылдарында ол бірінші Украина майданында байланысшы болып қызмет етті. Севастополь, Беларуссия мен Балтық жағалауын азат етуге қатысты. Соғыстан кейін «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етіп, екі бала тәрбиеледі.
Любовь Николаевнаның соғыс жылдарындағы ерлігі үшін марапаты да аз емес. Алайда, сол мақтан ететін марапаттар ауыр жылдарды еске түсіретіні өкінішті.
Қаскелеңнің 98 жастағы тумасы Анатолий Назарұлы Попов өзінің жастығын еске алып, көзіне жас алды. Ол 2-Балтық майданында байланысшы болып қызмет ете жүріп, Отанды қорғайды. Соғыстан кейін медициналық училищені бітіріп, 30 жылдан астам уақытын Қазақстанның денсаулық сақтау саласына арнайды. Бүгінде ол Отан үшін жасаған ерлігін мақтан тұтатын балалары мен немерелерінің ортасында, айналасында жанашыр, қамқор жандар жетерлік. Ардагерлерді ұмытпай, еске алып, ескеріп жатқандарыңыз үшін рақмет! Бұл мен үшін үлкен құрмет!, — деді ағынан жарылған қария.
99 жастағы Иван Матвеевич Бегунов «Almaty Resort» ұжымын күлімсіреп қарсы алды.
Туыстарым мен туралы бәрін біледі, солар айтып берсін. Мен мақтанғанды ұнатпаймын, — деді қарапайым ардагер.
Ол Житомирде дүниеге келген. 228-гвардиялық атқыштар полкінде пулеметші болып соғысқан. Жаяу әскердің алға жылжуын қамтамасыз етіп, Еуропаны азат еткен. Ерлігі мен батылдығы үшін ол Қызыл Ту орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде Иван Матвеевич әулетінің ортасында сый-құрметке бөленіп отыр.
«Almaty Resort» ұжымы ардагерлерге құрмет ретінде сый-сияпат тарту етіп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Жарқын болашақ құру үшін өткенді есте сақтау керек! Бейбіт өмір үшін күрескен батырларға бас иеміз, — деді шипажай директорының емдеу-сауықтыру жұмыстары жөніндегі орынбасары Салтанат Бейсембаева.
Ол, ардагерлердің біздің қамқорлығымыз бен ризашылығымызды сезінуі үшін мұндай кездесулер жиі өткізіліп тұратынын атап өтті.
Нұрлан ҚҰМАР,
АЛМАТЫ