Жапонияның астанасы – Токио қаласында өткен киокушинкай каратэден әлем чемпионатында отандасымыз Ернұр Дауылбай алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ол 17 жасында осындай маңызды жетістікке жетіп, тынымсыз еңбектің арқасында кезекті рет құрмет тұғырына көтерілді.
Елнұр Дауылбай 2007 жылы 10 қарашада Астана қаласында дүниеге келген. 2014 жылы Астана қаласындағы №66 мектепке барған. Ал бір жылдан кейін «Astana English School» мектебіне ауысып, үздік оқушылардың бірі, әрі құрдастарына үлгі болды.
Оның каратэдегі жолы 7 жастан басталады. Ол алғашқы қадамын «Астана каратэ» орталығында жаттықтырушы Арман Мұхамедрахымның жетекшілігімен жасады. Кейінгі жылдары оның дайындығын Қазақстан киокушинкай KWF федерациясының жаттықтырушысы Дархан Рақымжанов қадағалап, спортшыны жаңа деңгейге көтерді.
Спорттағы 10 жылдың өзінде Елнұр Дауылбай 32 алтын медаль, 22 күміс, 28 қола жүлде мен 26 кубок жеңіп алды. Ол 16 жастан асқанда каратэден спорт шебері атағын алды.
Елнұр Дауылбайдың жетістігі:
2022 жыл – Азия чемпионы.
2024 жыл – Қазақстан чемпионы.
2024 жыл – Еуропа чемпионы (65 кг салмақ дәрежесінде). Ол Түркияда өткен VII Еуропа чемпионатында топ жарды.
2024 жыл – әлем чемпионы (Токио).
Жыл сайын Елнұр Дауылбай Германия, Нидерланд, Ресей, Түркия және Жапония сияқты елдерде өтетін жарыстарға қатысып, жарысқа жақсы дайындығын көрсетіп келеді. Ол әлем чемпионы атағын жеңіп алу үшін мықты тәртіп, күнделікті жаттығулар мен отбасының қолдауы болу керек дейді.