World Boxing халықаралық федерациясы 2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионатын өткізу туралы шешім шығарды, деп хабарлады olympic.kz.
Бұл әлемдік дода 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиялық ойындар қарсаңында ұйымдастырылады.
Чемпионаттың өткізілу мерзімі мен ұйымдастыру жұмыстары туралы қосымша ақпарат кейінірек хабарланатын болады.
2027 жылы Олимпиада алдында өтетін бокстан әлем чемпионаты – Қазақстан үшін үлкен мәртебе, әрі жауапкершілік. Біздің ел ірі халықаралық спорттық жарыстарды лайықты деңгейде өткізуде мол тәжірибе жинаған.
Олимпиада алдындағы бұл чемпионаттың маңыздылығын түсіне отырып, World Boxing ұйымына білдірген сенімі үшін алғысымды айтамын, – деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин.
Қазақстан осымен екінші рет бокстан әлем чемпионатын өткізеді. Бұған дейін 2013 жылы Алматыда ерлер арасында әлем чемпионатының жалауы желбіреген еді.