Қытайдың Сиань қаласында әртістік жүзуден World Aquatics ұйымының қолдауымен өткен Әлем кубогының финалдық кезеңі аяқталды, деп хабарлады Ұлттық Олимпиадалық комитет.
Биылғы маусымның соңғы жарысында әлемнің үздік спортшыларымен бірге Қазақстан құрамасының өкілдері де өнер көрсетті. Бұл сында Қытай сполртшылары сенімді өнер көрсетіп, алтын медальдардың басым бөлігін қалталарына басты.
Жалпы биылғы жарыс күнтізбесінде төрт Әлем кубогының кезеңі болды. Осының бәрінде Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетті. Соның нәтижесінде отандастарымыз әртістік жүзуден көшбасшы елдердің қатарынан қалыспай, Әлем кубогын лайықты аяқтады.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасы топтық бағдарламаларда (барлық дисциплинадағы ұпайлар саны бойынша) қола жүлдеге ие болды. Жүлдегерлер қатарында Наргиза Болатова, Виктор Друзин, Әйгерім Құрманғалиева, Ксения Макарова, Арина Мясникова, Анна Павлецова, Жаклин Якимова, Жания Жиенғазы, Ясмин Туякова және Валерия Столбунова бар.
Қазақстан құрамасынан өнер көрсеткен әйелдер жұбы екінші орынды иеленді. Техникалық бағдарламада ел намысын Ясмин Туякова мен Арина Пушкина қорғады. Еркін бағдарламада Туяковаға ұпай жинауда Даяна Жаманчалова серік болды.
Сондай-ақ, аралас жұбымыз да әлем кубогын сәтті аяқтады. Жалпы есепте Виктория Столбунова мен Артур Майданов үшінші орынды сақтап қалды. Бұл біздің спортшылардың жоғары деңгейде өнер көрсетуге дайын екенін көрсетті. Ерлер арасындағы жекелей бағдарламада Виктор Друзин төртінші орынмен шектеліп, жүлдеге бір қадам жетпей қалды, — делінген хабарламада.
Биылғы маусымда спортшылар бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Ақпанда Францияның Париж қаласында Виктор Друзин алтын медаль жеңіп алса, Эдуард Ким ел қоржынына күміс медаль салды. Ал Мысырдың Хургада қаласында Эдуард Ким қола жүлдені қанағат тұтты.
Былтыр Виктор Друзин World Aquatics тұжырымы бойынша «Жыл спортшысы» атағына ұсынылған болатын.