• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Халықаралық IB International Baccalaureate сертификациясын толық алған алғашқы қазақ мектебі

    Еліміз бойынша алғашқы қазақ мектебі болып ZAMAN мектебі халықаралық бакалавриат (IB) бағдарламасының ТОЛЫҚ cертификатын алды. Мектеп бастауыш білім беру деңгейіндегі Primary Years Programme (PYP), орта буын Middle Years Programme (MP) және жоғары сыныптарға арналған Diploma Programme (DP)  аккредиттеуінен сәтті өтті. Сәйкесінше, қазақ балалары әлемнің үздік білім тәжірибесін мектеп табалдырығынан аттағаннан-ақ ҚАЗАҚ тілінде оқуға жол ашылды.

    Бұл жетістік – Қазақстандағы қазақ тілінде білім беретін мектептердің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайтын маңызды қадам. 1968 жылы Женевада негізі қаланған бұл бағдарлама қазіргі таңда 150-ден астам елдегі 5 мыңнан аса мектепте енгізілген.

    IB – бұл жай ғана академиялық бағдарлама емес. Ол оқушыларды білім алуға, әлемдегі және еліміздегі ауқымды мәселелерді анықтап, оларды шешуге үйретеді. IB бағдарламасы арқылы 3 жастан 19 жасқа дейінгі оқушылар білімдерін халықаралық деңгейде көрсете алады. Мектепте оқушылар тек сапалы білім алып қана қоймай, сонымен қатар өз бетінше талдау жасайтын, креативті ойлайтын және көпұлтты әрі көпмәдениетті ортада тиімді қарым-қатынас жасай алатын көшбасшы, жобалық менеджер ретінде қалыптасады.

    IB бағдарламасының мақсаты – зияткерлік әрі жаһандық көшбасшыларды даярлау, оларды қазіргі заманның қарқынды өзгерістеріне бейімделуге үйрету. Еліміздегі бірнеше мектеп бұл бағдарлама бойынша сертификатталған, дегенмен алғашқы болып ҚАЗАҚ тілінде бастауыш мектептен жоғарғы сыныптарға дейін толық аккредиттеуден алғашқы болып ZAMAN мектебі өтті.

    IB бағдарламасы білімнің дамуына, мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыруға үлкен серпін береді. Оқушылар үшін бұл бағдарлама – теңдесі жоқ мүмкіндік, себебі IB дипломы әлемнің үздік университеттерінде білім алуға жол ашады. ZAMAN мектебінде IB бағдарламасы қазақстандық және халықаралық білім беру әдістемелерін біріктіріп, жан-жақты оқытуды қамтамасыз етеді. Сабақтар қазақ және ағылшын тілдерінде жүргізіледі, бұл оқушыларға жаһандық білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі. Мектепте IB бағдарламасы бойынша оқыту тәжірибесі бар жоғары білікті мұғалімдер жұмыс істейді, – деп атап өтті мектептің негізін қалаушы Гаухар Нурова.

    2025 жылдың қаңтар айында мектеп Middle Years Programme (MYP) бағдарламасы бойынша авторизация алды, ал маусым ауында жоғары деңгейдегі Diploma Programme (DP) бағдарламасының авторизациясын алып отыр. IB бағдарламасының барлық деңгейлерін алу – мектептің әлем бойынша санаулы білім ордасы кіретін IB Continuum қатарына кіретінін растайды. Бұл мектептің дамуы ғана емес, қазақ тілінде отандық білім беру сапасын арттыру жолындағы аса маңызды қадамдардың бірі.

    Қазақстанда IB бағдарламасымен оқытатын мектептердің саны әлі де аз, ал ZAMAN мектебі – халықаралық стандарттарды енгізіп, оқушыларына жаңа мүмкіндіктер ашқан алғашқы білім ордаларының бірі. Мектептің халықаралық жетістіктері – қазақ тілінде білім беретін мектептердің заманауи білім беру жүйесіне бейімделуінің және жаһандық білім беру қауымдастығына интеграциялануының айқын дәлелі.

     

    Нұрлан ҚҰМАР,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *